Депутаттар Қазақстанда газ инспекцияларын қайта қалпына келтіруді ұсынды
Қазақстанда депутаттар көгілдір отын үшін дифференциал тариф енгізуді ұсынып отыр. Яғни газды белгілі бір көлемнен көп пайдаланса, төлемі де жоғары болмақ. Мәжілісте депутаттар газбен жабдықтау және тауар газды үнемдеуге қатысты заң жобасын қызу талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтың айтуынша, қауіпсіздікті күшейтуді ойластыру керек.
"Тым болмаса, табиғи газды пайдалануда қауіпсіздікті күшейтуді ойластыру керек. Бұл – ең маңызды мәселе. Біз неге үнемі тариф дейміз. Қараңыздаршы, күнде біреуі жарылып, енді біреуі күйіп кетіп жатыр. Уланып жатқандар қаншама?!" – деді депутат.
Депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов қауіпсіздікті сақтау үшін алдымен бұрын тарап кеткен. Газ инспекциясын қайта құруымыз керек деп отыр. Өйткені 50 жыл болған ескі газ баллонын пайдалану қайғылы жағдайларға әкелді. Газ құятын станциялар жұмысын тексеріп жатқандар жоқ.
Ал депутат Екатерина Смышляева газ тұтынудың бірнеше сатылы лимиті белгіленетінін айтты. Соның ішінде үнемді тұтыну тәсілі тұрмыстық газ тұтынатын 2,2 миллион абонентке қолданылуы мүмкін. Олар жыл сайын 4,4 миллиард текше метр газ жағады екен.
Аталған санат нормадан артық мөлшерде газ жақса, қалыпты тариф қымбат шығуы мүмкін. Бірақ нақты тариф әлі белгіленген жоқ.
"Тарифті көтеру мәселесі емес, бұл жерде газды үнемді пайдалану. Үнемдей білсе, тұтынушыға бағасы да тиімді болады. Мәселен, электр энергиясында үш тариф бар. Тұтынушылар бағасы қымбат 3-тарифпен төлемес үшін үнемдеуге тырысады", – деді Екатерина Смышляева.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда газды белсенді тұтынатындар үшін көгілдір отын бағасы 1,5 есе көтерілетінін жаздық. Газдың келісімшарттағы көлемінен асып кеткенде және ірі коммерциялық тұтынушылар мен кеншілер санаты енгізілген кезде жоғарылатылған коэффициент (1,2 және 1,5) қолданылады. Сонда газ тарифі бір адамға 19,3 теңгеден 79,3 теңгеге өзгереді.