Тіпті депутаттардың өзі жалған диплом сатып алып жатыр – Министр Саясат Нұрбек
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жалған диплом жасап сатқандар мен сатып алғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olx.kz
Қазақстанда ресми құжаттарды қолдан жасайтындарға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыс қайталанған жағдайда азаматтар төрт жылға дейін сотталады. Десе де бұл жаза құқық бұзушыларды тоқтатар емес.
“Өкінішке қарай, мұндай қылмыстар жиілеп барады. Тіпті депутаттардың өзі жалған диплом сатып алып жатыр. Ескертемін, қылмыстық кодексте жалған құжаттарды жасап, пайдалануды реттейтін бап бар. Оны сатып алған адам жалған екенін біле тұра, жұмысқа тұруға әрекеттенсе және оны ресми құжат ретінде көрсетсе ол 40 тәулікке қамауға алынады немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады”, – дейді министр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметкерлері осындай деректерді тексеру үшін полицияға хат жолдаған. Полиция OLX және басқа да платформалар арқылы жалған диплом сататындарды іздеуге кірісті.
“Біз жоғары білімді дамыту орталығының порталында цифрлық қызметті әзірледік. Ол арқылы кез келген жұмыс беруші немесе азамат дипломның жалған немесе түпнұсқа екенін тексере алады. Өйткені дипломның түпнұсқасында бірегей ЖСН және QR коды бар. Оны түпнұсқа екенін министрліктің дерекқорынан тексере аласыз. Қазір 1991-2023 жылдар аралығында берілген барлық дипломды осы дерекқорға енгізіп жатырмыз. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Бүгінде мәліметтер базасына 3,5 миллионға жуық құжат енгізілген”, – дейді Саясат Нұрбек.
Министр университет қызметкерлерінің өздері диплом сатпайтынын жеткізді. Айтуынша, әрбір құжат министрліктің порталы арқылы қосымша тексеруден өтіп барып беріледі.