Қазақстанда бұзақылық үшін жазаны қатаңдату ұсынылды
Фото:parlam.kz
Сенат депутаты Геннадий Шиповских үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында қоғамда белең алып бара жатқан бұзақылық жайттарды сөз ете отырып, бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат кейінгі уақытта ел ішінде ұрлық, орынсыз жанжал, бейәдеп әрекеттер мен көпшілік алдында төбелесу сияқты көріністер жиілеп кеткенін айтып, мұндай бұзақылықтар қоғамда үрей тудырып, жұрттың әділет пен тәртіпке деген сенімін әлсіретіп бара жатқанын атап өтті.
“Кейінгі жаңалықтарға сәйкес, тіпті әкім орынбасары өміріне қастандық жасау фактісі тіркеліп отыр. Мектептердегі бұзақылық өршіп тұр. Балалар мектепке оқуға бара ма, әлде төбелесуге бара ма?
Өкінішке қарай, қоғамдағы мұндай теріс әрекеттер тыныш өмірдің тамырына балта шабуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Бұзақылықтың алдын алу тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның, әсересе мемлекеттік органдардың ортақ міндеті болуға тиіс”, – деді Шиповских..
Бас прокуратура дерегіне сүйенсек, Қылмыстық кодекстің 293-бабы – бұзақылық бойынша 2010 жылы 26 адам сотталса, 2024 жылы 460 адам сотқа тартылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы – ұсақ бұзақылық бойынша 2022 жылы 15 282 іс тіркелсе, 2023 жылы 17 429, ал, 2024 жылы 2 1917 құқықбұзушылық тіркелген.
Тұрмыстық ортада, мектептерде, қоғамдық көліктер мен көшелерде мұндай жағдайлар жиілеп, азаматтардың өміріне қауіп төндіріп отырғанын айтқан депутат бұған бұзақылықтың алдын алу тетіктерінің әлсіздігі, бейнебақылау жүйелерінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ профилактикалық жұмыстардың формалды түрде жүргізілуі себеп болып отырғанын алға тартты.
“Қоғамдық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздік – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Бұзақылыққа қарсы күресті күшейту үшін үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдануы қажет”, – деп санайды депутат.
Бұл ретте сенатор үкіметке мынандай ұсыныстар жолдады:
- Бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау.
- Жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарының профилактикалық жұмыстарын күшейту, учаскелік полиция инспекторларының әлеуетін арттыру.
- Жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті күшейтетін, отбасылық тәрбие мен мектептегі моральдық-этикалық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарламалар әзірлеу.
- Қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін кеңейту арқылы құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтау мүмкіндігін арттыру.
Сондай-ақ ол бұзақылық жасағандарға, әсересе қандай да бір құқықбұзушылықты қайталап жасағандарға жазаны қатаңдатуды ұсынды.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік