Қазақстанда алиментті ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем белгілемеу ұсынылды
Фото: Stan.kz
Үкімет сағатында мәжіліс депутаты Сергей Пономарев алимент бойынша міндеттемелерін ішінара орындайтын әкелерге қатысты мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаты алимент төлеушілер минималды сома аударып, борышкерлер санатынан шығып қалатынын айтады.
“Алимент төлеп жүргендер минималды сома төлесе де, қасақана төлеумеуші болып саналмайды. Мәселен, ол екі айда бір рет бар-жоғы 2 мың теңге аударады да борышкер болып саналмайды, оған қатысты мәжбүрлі сипаттағы шаралар қолданылмайды. Менің түсінігімде бұл – үлкен әділетсіздік. Оны жою үшін алимент бойынша сот шешімін орындау кезінде сомасы тым құрығанда ең төменгі күнкөрініс деңгейінен төмен болмайтындай жүйе енгізу керек. Осы дұрыс болар еді деп ойлаймын”, – дейді Пономарев.
Бұл тұрғыда әділет министрі Ерлан Сәрсембаев министрлік заңнамаға тиісті түзетулерге бастамашы болып отырғанын атап өтті.
“Алимент өндіру мәселесі, өзіңіз айтып отырғандай, бір жағынан проблемалы, ал екінші жағынан алимент бойынша қарыз оған қатысты мәжбірлеу шарасын қолдануға негіз болады. Алайда (алимент – ред.) мөлшері заңнама жағынан шектелмеген. Сондықтан егер борышкер ең төмен жалақы алатын болса, оның көлемі бүгінде 85 мың шамасында, онда бір балаға оның төрттен бірі, яғни 21 250 теңгеден келеді. Бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейінен екі есе аз. Бұл тұста расымен мәселе бар”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін әділет министрі елімізде әрбір екінші некенің соңы ажырасумен аяқталатынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, былтыр 61 080 ажырасу тіркелген, бұл неке қию санының (124 774) жартысына жуығына тең.

"Күн сайын 20 000 теңге беруге уәде берген": Қазақстандық азамат ИП-сін жалға беріп, алаяқтардың құрбаны болды
