Депутат университетте оқу ақысының жоғары екенін айтып, бағаны бақылауға алуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, елде жоғары оқу орындарындағы оқу бағасын бақылауға алуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Депутат өз сауалында жастар терең білім алуы үшін жоғары білім алуда қиындық көрмеуге тиіс дейді.
“Ашық дереккөздерде, 2021-2022 оқу жылы 170 мыңнан астам түлек мектепті бітірсе, 56 мыңнан астам талапкер бакалавр бойынша мемлекеттік грантқа ие болды. Ал 2022-2023 жылы 172 түлек бітірсе, 73 мыңдай грант бөлінді. Бұл мектеп бітірушілерін жоғары оқу орындарына бөлінетін грантпен қамтамасыз ете алмай отырғанымызды көрсетеді. Колледждерге түсетіні де бар дейік. Солай бола тұра жыл сайын ақылы оқуға тапсыратындар аз емес”, – деді Балабиев.
Депутаттың айтуынша, оқу орындарында ақылы білім алуға қарапайым халықтың қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондай-ақ ол университеттердегі білім алу құнын салыстырып көрген.
“Назарбаев университетінде бір жылдық оқу ақысы 7,5-9 миллион теңге тұрады. Жыл сайын КИМЭП университетіне 4,1 миллион теңгені, Қазақ-Британ техникалық университетіне 2,4 миллион теңгені, Сүлеймен Демирел атындағы университетте 2,1 миллион теңгені шығындауға тура келеді. Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінде 1,6 миллион теңге, Мақсұт Нәрікбаев университетінде 1,5 миллион теңге, Сәтбаев университеті мен Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінде 1,4 миллион теңге, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде 1,3 миллион теңге, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 1,1 миллион теңге, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар университетінде 1 миллион теңгеге дейін төлейтіні белгілі”, – дейді ол.
Балабиев университеттер талапкермен келісімшарт жасағанда “инфляция деңгейіне қарай оқу ақысы көтеріледі” деген тарау қосатынына шамданды.
“Бұл тұтынушылардың құқығын шектеумен тең емес пе? Қыркүйек айында 1 миллион теңгемен келісім жасаған студенттер оқу жылы аяқталғанға дейін 100-200 мың теңге қосып төлеуге мәжбүр болады. Осы уақытта оның ата-анасының жалақысы көтерілсе жақсы ғой! Бірақ ондай үдерісті байқап отырған жоқпыз. Бұл әлеуметтік тұрғыда әділетсіздік саналады. Бұл – ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететін құбылыс. Бұл жағдайды Ғылым және жоғары білім министрлігі қатаң бақылауға тиіс деп есептеймін. Министрлік оқу ақысы 300-400 мың теңгенің төңірегінде болатынын айтса да, университеттер бұған мән берер түрі жоқ”, – деп қосты Балабиев.
Мәжілісмен сөз арасында университеттердегі жатақхана мәселесі әлі өзекті екенін айтты. Сөзінше, 3-4 курс студенттердің жатаханадан орын алуы қиын. Кейбір оқу орындарында жатақханада бір жылдық тұру ақысы 1 миллион теңгеге жетеді.
“Ақылы оқитындар үшін қалтаға қосымша салмақ салады. Жастар арасында миллиондап төлеп университетті байытқанша, шетелде жалдамалы жұмыс істеп, өз-өзіме жұмыс істегенім жақсы дейтіндер көп. Расында, қыруыар қаржы төлеп оқыған түлектер мамандығы бойынша жұмыс тапса қуанамыз ғой! Бірақ диплом алғаннан кейін қысқа мерзімді курстар оқып, басқа мамандыққа бейімделіп жатқан жастар көп”, – деді депутат.
Депутаттық сауалда Қайрат Балабиев жоғары оқу орындарындарындағы оқу ақысын бақылауға алып, бір оқу жылында ақылы білім алуды бірнеше рет көтеруді шектеуді және жатақханамен қамтуды және онда тұру ақысын қайта қарауды ұсынды.