Депутат өзге елге барып, соғысқа қатысқан қазақстандықтардың жазасын жеңілдетуді ұсынды

Мәжіліс отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы басқа елде соғысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты заңнаманы жұмсартуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, бірқатар мемлекеттерде азаматтардың шетелдің ресми қарулы күштері құрамында әскери әрекеттерге қатысуы автоматты түрде қылмыс саналмайды. Ал Қазақстанда мұндай жағдайда елге оралған азаматтар Қылмыстық кодекстің 172-бабы (Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу) бойынша жауапкершілікке тартылады.
Жарқынбек Амантайұлы террористік ұйымдардың құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған қазақстандықтарға қатысты заңнаманы жұмсартуды ұсынды.
“Әрине, ешкім себепсіз, өлім іздеп, қарулы қақтығыс аймағына бармайды. Бірі әлеуметтік қиындықтарға байланысты, бірі адасып немесе алданғандықтан, енді бірі мәжбүрлі түрде барады. Мұндай жағдайға тап болған адамдар жоғары жалақысы бар жұмыс табамыз деген уәдеге сеніп қалғандарын айтады. Өздерінің тұзаққа түскенін түсінген кезде, кері шегіне алмайды. Амалсыздан бөтен жерде болып жатқан қанды шайқастарға қатысуға мәжбүр болады. Ал олардың артында жылап қалған ата-анасы, қиналып отырған отбасы мен жақындары қалады. Алайда жасаған ісіне өкініп, еліне оралғысы келетін азаматтар үшін қазіргі қатаң заң санкциялары үлкен кедергі болып отыр”, – деді депутат.
Оның айтуынша, елге оралып, ісіне өкінген азаматтарды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру олардың қоғамға толыққанды қайта бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін.
Қазақстанда көпбалалы әйелдерге 8 наурызға орай 43 мың теңгеге дейін біржолғы төлем беріледі
Ал қалған 8 аймақта көпбалалы аналарға ақшалай төлем берілмейді екен
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді
Назгүл Тұрысбекованың сөзінше, олар құжаттарын ғана алып, қауіпсіз жерге шығуға мәжбүр болған