Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат мүгедектігі барлардың зейнет жасын төмендетуді сұрады

Депутат Динара Наумова мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді талап етіп, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: Pexels.com

Наумова зейнетке ерте шығатындардың ішінде мүгедектігі барлар, олардың қамқоршылары жоқ екенін атап өтті. 

“Қазір Қазақстанда зейнетақы ерлерге 63 жасқа толғанда, ал әйелдерге 61 жастан бастап тағайындалады. Ол 2031 жылға дейін 63 жасқа жетеді. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін зейнетке шығудың ерекше шарттарына қатысты жеңілдіктер қарастырылған. Дегенмен қазіргі жеңілдіктер мүгедектер мен мүгедек балаларды бағып отырған ата-аналарға қолданылмайды”, – деді депутат.

Наумова созылмалы аурулар адам жасына қарай дамитынын, 63 жасқа дейін жұмыс істеу қиын болатынын түсіндірді. Мәжілісменнің айтуынша, мұндай қиындықтар ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар арасында да кездеседі. Ерекше қажеттігі бар балаларға мамандандырылған күтім мен қосымша уақыт, эмоциялық энергия қажет. Олардың шығыны үлкен болғандықтан, ата-аналар жұмыстан шығып кете алмайды.

“Осыған байланысты азаматтардың осы санатын қолдау үшін зейнет жасын төмендету бойынша жеңілдіктер енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды. Бұл шара мүгедектерге ертерек зейнетке шығуға және денсаулығына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Өйткені олар өмір бойы көптеген кедергілерге тап болады, физикалық және психоэмоциялық жағдайына теріс әсер етеді. Ерекше қажеттігі бар балалардың ата-аналары үшін зейнет жасын төмендетумен қатар, олардың күш-қуатын қалпына келтіру және психо-эмоциялық жағдайын жақсарту үшін қосымша демалыс беру мүмкіндігін қарастыру қажет", – деді Динара Наумова.

Ол еңбек ететін ерекше азаматтардың зейнет жасын 53-ке белгілеуді сұрады. 

Бұған дейін депутат Қарақат Әбден Қазақстанда әйелдер үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынғаны айтылды. 

Талқылау