Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат мектептерде телефон пайдалануға тыйым салуды ұсынды

Видеодан скрин

Депутат мектептерде телефон пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев премьер-министрге балалардың қауіпсіздігіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат бір ғана Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғаннан бері жасөспірімдер арасында үш қайғылы жағдай орын алып, үш жасөспірім қаза тапқанын атап өтті.

"БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9 сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданында да қарапайым футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы қатарласы тарапынан соққыға жығылып, қаза тапты. 1 қыркүйекте тағы бір оқушы оқушы өз қатарласын аяусыз өлтірген. Бас-аяғы 15 күннің ішінде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының жасөспірімнің қолынан ажал құшуы дабыл қағарлық жағдай", – дейді депутат.

Таразда 1 қыркүйек күні 14 жастағы оқушы төбелес кезінде қаза тапты

Жамбыл облысында оқушылар қатарласын ұрып өлтірді деген күдікке ілінді


Елнұр Бейсенбаев ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған 1 973 қылмыс тіркелгенін атап өтті. Ал биылғы 8 айдың ішінде 938 қылмыс тіркелген.

Депутат осындай жағдайлардың алдын алу үшін мектептерде телефон пайданалануға тыйым салу керегін айтты.

"Қазір оқушылар арасында өзара сыйластық, жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдысы жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Әлемдегі әлеуметтік зерттеулер бүгінгі балалардың смартфондардың салдарынан психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы қалыпты емес екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан әлемнің дамыған елдерінде мектеп қабырғасында смартфонға шектеу қою трендке айналған. Өйткені бұл процесс балалардың үлгерімінің өсуіне, достық қарыс-қатынасының нығаюына едәуір әсер етеді екен", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат сауалының соңында нақты ұсыныстарын айтты:

- Білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін барлық мектепте антибуллингтік бағдарлама енгізу;

- Әрбір мектепте психологиялық көмек қызметін күшейтіп, балаларға жүйелі түрде агрессияның алдын алу, эмоцияны басқару және жанжалды шешу дағдысын үйретуге бағытталған нақты бағдарламалар қабылдау;

- Спорттық және көпшілік іс-шараларды балалардың арасындағы командалық рухты күшейтуге, бір-бірін құрметтеуге, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіруге, заң мен тәртіпті сақтауға бағыттаған жөн. 

- Балалар арасындағы достықты нығайту, олардың онлайн араласқанынан гөрі бетпе-бет қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мектептерде жаппай смартфон пайдалануды шектеу шараларын енгізу.

Еске салсақ, бұған дейін Таразда жасөспірімдер қоңырау кезінде дәретханада төбелесіп, 9-сынып оқушысы көз жұмғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 22:05
Талқылау