Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат күзетші, еден жуушы мен аула сыпырушылардың еңбекақысын көтеріп, 13-жалақы беруді ұсынды

Жас жігіт аула сыпырып жатырФото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков депутаттық сауалында еден жуушы, аула сыпырушы, күзетші, вахтер сияқты техникалық мамандықтар бойынша зейнетке шыққандарға құрметті атақтар мен төс белгілер енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат қоғам назарын олардың мәртебесі мен еңбек жағдайын көтеруге аударды.

"Біз жұмыскердің мәртебесін көтеру туралы сөз еткенде, нені меңзейміз? Мекеменің беделін емес, сол мекемеде еңбек етіп жүрген қызметкердің мәртебесін көтеру жайында сөз болуға тиіс. Әсіресе қоғамның өмір сүруін қамтамасыз ететін, көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмыс атқаратын – еден жуушылар, техникалық қызметкерлер, гардеробшылар, күзетшілер, вахтерлер, аула сыпырушылар және басқа да көмекші мамандық иелерінің мәртебесі мен еңбек жағдайы – өзекті мәселе", – деді депутат.

Ол көбіне басшылықта отырған немесе негізгі мамандарға ғана назар аударылатынын атап өтті. Алайда күзетші – біреудің әкесі немесе ағасы, ал еден жуушы – біреудің анасы немесе әпкесі емес пе?

"Иә, олардың еңбегі беделді мамандықтар қатарына жатпауы мүмкін, бірақ біз оларды құрметтеп, адами, азаматтық және әлеуметтік мәртебесін көтеруге міндеттіміз. Олардың да балалары бар. Олар "Менің анам – еден жуушы болған, әкем – аула сыпырушы болған" деп мақтанышпен айта ала ма? Біз солай айтатындай жағдай жасауымыз керек. Бүгінде бұл жұмыскерлердің жалақысы елдегі орташа деңгейден әлдеқайда төмен. Ауыр физикалық еңбекке қарамастан, олар әлеуметтік қорғаудан, жеңілдіктер мен кәсіби қолдаудан жиі тыс қалып отыр", – деді Таңсауле Серіков.

Мәжіліс депутаты бұл қызметкерлер бір күн жұмысқа шықпай қалса, көшелер қоқысқа толып, кеңселерді шаң басып, тазалық кететінін айтты.

"Неге біз бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмейміз? Аула сыпырушылармен және техникалық қызметкерлермен сөйлескенде, олар аз жалақы, жеңілдіктердің жоқтығы және әлеуметтік менсінбеушілік үйреншікті шындыққа айналғанын айтады. Қазіргі таңда негізгі мәселелер қатарында төмен еңбекақыны, нақты әлеуметтік мәртебенің болмауын, сауықтыру және демалыс мүмкіндіктерінің шектеулі екенін, кәсіби өсу мен қайта даярлау жағдайының жетіспеушілігін атап өтуге болады", – дейді депутат.

Депутаттың ұнысыны бойынша, әрбір мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме:

- осы санаттағы қызметкерлерге жылына бір рет мекеме есебінен шипажайға жолдама беруі;

- 13-ші жалақы төлеуі;

- жыл сайын еңбек демалысына шыққанда екі еңбекақы көлемінде қосымша жәрдемақы беруі;

- тегін оқыту және кәсіби қайта даярлауды қамтамасыз етуі;

- зейнетке шыққан техникалық мамандық иелеріне құрметті атақтар мен ынталандыру түрлерін енгізуі қажет.

"Біз күн сайын таза кеңсеге кіріп, таза көшелермен жүріп, жылы қабылдауға үйреніп қалдық. Бірақ осының артында "көрінбейтін" еңбек иелері – мыңдаған жұмысшы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Бұл тек материалдық тұрғыдағы мәселе емес – бұл адамгершілік пен әділдік мәселесі. Жұмысшы мамандықтар жылы жай ғана әдемі ұран болып қалмауы керек. Ол нақты әрекеттермен толтырылуы керек. Ал алғашқы қадам – кәсіби иерархияның ең төменгі сатысындағы адамдарға қамқорлық жасау", – деді депутат.

Сондай-ақ ол осы санаттағы қызметкерлердің жалақысын көтеруді қарастыруды ұсынды.

"Оларға "қоғамдық маңызы бар кәсіп иелері" деген мәртебені заң жүзінде бекіту; жыл сайын мемлекеттік квота есебінен тегін шипажай жолдамаларын үлестіру жүйесін енгізу; қайта даярлау және кәсіби өсу курстарына тегін қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету; еден жуушы, аула сыпырушы, гардеробшы сынды техникалық мамандық бойынша зейнетке шыққандарға құрметті атақтар мен төсбелгілер енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет", – деген ұсыныс білдірді депутат.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 14:20
Талқылау