Депутат қорытынды тесттен өте алмай қалған болашақ мұғалімдерді "қайта оқытуды" ұсынды
Сенат депутаты Нурия Ниязова Қазақстанда педагогикалық мамандықтардың түлектері үшін "қайта оқыту" жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram.com/nuriya_niyazova
Депутат елдегі мұғалімдердің тапшылығы мен олардың сапалық құрамын бағалау мәселесін көтерді.
Нурия Ниязова мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесінде мемлекеттік бақылауды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, жүйені үйлестіру функциясын "Өрлеу" ұлттық орталығына бекіту, оқу орындарына міндетті лицензиялауды енгізу, сондай-ақ мұғалімдерді даярлаудың қатаң сапа стандарттарын енгізу қажет екенін атап өтті.
“Ең алдымен, педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған шараларды қолға алу қажет. "Педагогтердің білімін бағалау" тестінің мәліметтері бойынша, жоғарғы оқу орындары түлектерінің дайындық деңгейі өңірлік және ішкі өңірлік тұрғыдан айтарлықтай ерекшеленеді. 2024 жылы түлектердің небәрі 3490-ы, яғни 45,6%-ы ғана 50 пайыз шекті деңгейден өтті. "Қайта оқыту" жүйесін қалыптастыру жоғары оқу орындарында жеткіліксіз білім алған түлектердің жағдайын жақсартуға ықпал ете алар еді”, – дейді депутат Нурия Ниязова.
Сондай-ақ сенатор шұғыл түрде педагогикалық мамандықтар бойынша түлектерді даярлау стандарттарын көтеру және жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Айтуынша, ол білім беру жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, педагогтардың кәсіби мәртебесін нығайтуға көмектеседі. Депутат жаңа мониторинг және реттеу механизмдерін енгізуді ұсынды.
Сенатордың айтуынша, қазір Қазақстанда мұғалімдерді қайта даярлаумен айналысатын 100-ден астам ұйым жұмыс істейді. Алайда іс жүзінде лицензиялау, сапа мониторингі және курстан кейінгі сүйемелдеу тетіктері жоқ.
“Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, педагогтарға арналған курстар өткізу жөніндегі мемлекеттік тізілімінде бүгінгі таңда 100-ден астам ұйым бар, олардың басым көпшілігі жеке ұйымдар. Көптеген құрылымдар өз жұмысын интернеттегі платформалар арқылы, салалық ұйымдар алдында ешқандай жауапкершіліксіз және есеп-қисапсыз жүргізеді – бұл мұғалімдердің біліктілігін арттыру процесінің бақылаусыз өсуіне әкеледі. Білім беру қызметтерін бәсекелестік ортаға беру жағдайлары көбейіп барады – бұл ауыр әлеуметтік салдарға алып келуде және білім сапасының артуына ықпал еткен жоқ. Одан бөлек, мұндай жағдайда ең басты мәселе – жауапкершілік тетіктері қандай", – деді Нурия Ниязова.
Бұған дейін министр 600 мың теңге айлық алатын мұғалімдердің жалақының аздығына шағымданғанын айтқан еді.