Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Ішкі істер министрлігінің басшылығының "жұмсақ жазамен" құтылуына қарсы шықты

Депутат Ішкі істер министрлігінің басшылығының Фото: polisia.kz

Қазақстандық депутат Бақытжан Базарбек резонанс тудырған оқиғадан кейін полиция басшылығының қызметтен босатылуын тым жеңіл жаза деп есептейді. Ол жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бақытжан Базарбектің айтуынша, кісі өліміне жол берген шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Яғни, жай ғана жұмыстан шығару емес, нақты қылмыстық қудалау болуы керек.

“Жұмыстан шығару – ең жеңіл жаза. Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, қызметін теріс пайдалану және салғырттығы үшін лауазымды тұлғаларға нақты қылмыстық жауапкершілік енгізілуі керек”, – деді ол.

Депутат жол қауіпсіздігіне жауапты полиция басшысы қызметте болған кезде бірнеше адам өліміне әкелген жол апаттарын мысалға келтірді. Оның пікірінше, бұл – салғырттық, сондықтан мұндай жағдайда тек жұмыстан босатумен шектелмей, қатаң жаза қолдану қажет.

Журналистер “қатаң саясат салдарынан кәсіби мамандар қорыққаннан жауапты қызметтерін тастап кетпей ме” деген сауал қойды. Алайда Бақытжан Базарбек мұнымен келіспейді. Оның сөзінше, егер адам қорқатын болса, онда ол өз жұмысын дұрыс істейді.

“Егер адам нақты, қатаң түрде қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясатын жүргізсе – мұндай оқиғалар болмайды. Қатаң саясат болмаса, қол астындағылар арасында “мажорларды”, таныс-тамырларын қорғайтындар болса мұндай жағдайлар қайталана береді”, – деп түсіндірді депутат.

Оның сөзінше, дәл осындай салғырттықтан, нақты жауапкершілік болмағандықтан кейбір адамдар заңды белшесінен басып жүреді.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты. 

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды. 

26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

“Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің көлік жарысына қатысы бар ма? Әл-Фараби даңғылындағы жарысқа қатысқан қатысушылардың бірі полицей болуы мүмкін деген күдік бар. Бұл жарыс үш адамның өмірін қиды. Сондықтан бәрін жасырып отыр. Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруін сұраймын”, – деп жазды Мұрат Әбенов.

Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. 

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2026 14:41