Депутат Бапи Назарбаева мен "Ескі Қазақстанды" сағынғандарды тексеруге шақырды
Бірмандатты округ бойынша сайланған мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілердегі ақпараттық шабуылға қатысты депутаттық сауал жолдады. Онда ол Ескі Қазақтанды аңсаушылар желіде үгіт-насихат жүргізіп, қоғамдық санаға іріткі салып жүргенін айтып, үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Депутат Ермұрат Бапи, ең әуелі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін еске салып, желідегі "әдемі өмірдің" қандай екенін айтып берді.
"Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбекерлерінің бірінші форумында "Бүгінде әлеуметтік желілердегі әдемі өмір мен "сәтті жетістік" деп аталатын агрессивті жарнама адамдарда бәріне қол жеткізу оңай және қарапайым деген ой тудырады. Кейбір жастар осыған сеніп, қымбат уақыттарын босқа өткізеді. Шыны керек, кез келген жетістіктің артында тынымсыз еңбек жатыр" деді. Міне, осы "сәтті жетістік" бүгінде қоғамдық пікірге, ықпал ету саясатына ауыз сала бастады", – деді Ермұрат Бапи.
Ермұраттың Бапидің айтуынша, таяуда әлеуметтік желілер арқылы парламент сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйдырмай мақтаған видео тараған.
"Әлбетте, тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами артықшылығы болса, оған мүлдем дау жоқ. Бірақ, бұл адам, Дариға ханым... Кешегі елдегі екінші басшы ретінде жоғары саяси лауазымды адам болғанын ұмытпауы керек. Сондықтан мұны бұрынғы саяси режимнің артықшылығын дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси монипуляция деп қабылдау керек. Әсіресе қазақ қоғамына. Іріткі салуға астыртын бағытталған, "ескіні" аңсау үрдісі сипат ала бастаған сияқты. Желі арқылы тарап жатқан мұндай монипуляцияға, Жаңа Қазақстанды саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару, қайтып келу әлпетін сезіну қиын болмаса керек", – деп түсіндірді депутат.
Депутат Қаңтар оқиғасындағы қантөгіске тікелей қатысы бар теріс діни ағым иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына қиқым салуға белсенді түрде кірісіп жатқанын мысалға келтірді.
"Бұған "сәтті жетістікке" жеткендер мұрындық болып отыр. Қаңтар кезінде қашып кеткендер, қазір біртіндеп оралып жатыр. Енді олар ел ішіне ұлттық мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасап жатыр. Мақсат – онсызда әзірге ала-құла қоғамға әлеуметтік протестік теңсеріспен толқылулар тудыру. Тараламы, оқырманы миллионға жуық желілерге, ресурстарға қаржылай көмек беру арқылы оларды өз бауырларына басып, ашық платформалар арқылы ашық саяси теңсерістер тудыруға ниетті", – деді мәжілісмен.
Бұдан бөлек Ермұрат Бапи оған дәл осындай инсайдерлік ақпараттың бірнешеуі жеткенін атап өтті.
"Бүгінгі билік отставкаға кетеді", "мерзімінен бұрын өтетін сайлауға дайындық жүріп жатыр", "Депутаттардан ұят кетті" деген сияқты жалаң трендтердің әлеуметтік желіде еркін тарауына, сол реваншистердің қолтыққа су бүрку әрекеттері себеп болып отыр. Мұның бәрі "бұрынғының кезінде мұндай болмаған", "бұрынғының кезінде жақсы еді" деген тезисті тарату арқылы қоғамдық санаға солақай саңылау салудың саясат технологиясы деп қабылдау керек. Сонымен қатар бұрынғы билікті аңсаушылар ушықтырып, қазақтар мен жалпы мұсылмандар дүниесін Жаңа Қазақстанға айдап салып жүрген діни-саяси әрекеттер әшкереленуі керек. Қазақтың мыңжылдық ұлттық мұраттары мен дәстүрлері шариғатпен емес тиісті заң нормаларымен реттелуге тиіс", – деп қорытындылады мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Никита Шаталов та ел экономикасын басқаруда "Ескі қазақстанның" кейбір әрекеттері қайталанбауы қажеттігін айтқан еді.
"Либерализация қитұрқы әрекеттерге төзбейді. Бұрын жекешелендіруді желеу етіп, инфрақұрылым, денсаулық сақтау мен білім беру нысандары, стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар кім көрінгеннің қолына өте беріп, бекерге сатылды. Бұл үрдіс қайталанбауы керек", – деді Никита Шаталов.