Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат банкке қарыз азаматтардың шотын бұғаттамау туралы бастама көтерді

абенов

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мерзімі өткен несиелері бар азаматтардың банктік шоттарын бұғаттау тәжірибесін қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі жүйе адамдарды одан әрі қарызға батырып, жұмыс істеу, салық төлеу және қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әбенов банктік алаяқтық пен халықтың шамадан тыс несие алуы банктер үшін тиімді екенін айтты. 

"Мен банктік алаяқтықтың неге көбейгенін байқап отырмын – банктерге тұтынушылық несиелер тиімді. Бірнеше жыл бұрын олар заңнамаға норма енгізіп, қазір қарыз жүктемесінің коэффициентіне қарамай, несиені кім көрінгенге беріп жатыр", – деді депутат.

Оның айтуынша, бөліп төлеу де осы санатқа жатады, себебі ол да іс жүзінде несие болып есептеледі.

"Бөліп төлеу де несие. Олар оны да кез келген адамға таратып, қарыз жүктемесін күшейтіп отыр. Инфляция олардың 50 пайызбен несие беруінен өсіп жатыр, бірақ бар кінәні үкіметке жабады", – деп атап өтті Әбенов.

Депутат басты мәселе ретінде жеке тұлғалардың шоттарын жаппай бұғаттауды атады. Оның айтуынша, соңғы жылдары халықтың қарыз жүктемесі екі есе артқан, ал банктер борышкерлерге қысым жасау үшін мемлекеттік тетіктерді пайдаланып отыр.

"Қазір халықтың несиелік жүктемесі екі есе өсті, бірақ банктер мемлекет атынан әрекет етіп, шоттарды бұғаттайды. Азамат жұмысқа тұра алмайды, коммуналдық қызметтерді төлей алмайды, мемлекетке төлем жасай алмайды, тіпті айыппұл да төлей алмайды", – деді Әбенов.

Оның айтуынша, нәтижесінде адам тұйық шеңберге түседі.

"Банк оның төлеу қабілетін тексермегені үшін біз адамдарды қарызға батырып отырмыз. Яғни банктер біздің қолымызбен бәрін қарызға кіргізді, ал адам жұмысқа тұра алмайды, елден шыға алмайды, қалыпты өмір сүре алмайды", – дейді мәжілісмен.

Депутаттың пікірінше, қолданыстағы тәжірибені не толықтай жою, не қатаң шектеу қажет.

"Менің ойымша, мұны мүлде алып тастау керек немесе тек шоттағы қаражаттың 30%-на ғана бұғат қоюға рұқсат беру керек. 50%-дан асырмау қажет", – деді ол.

Сондай-ақ ол әлеуметтік тұрғыдан осал санаттар да бұғаттауға ұшырап жатқанын атап өтті.

"Алименттерді, зейнетақыларды да бұғаттайды. Бір зейнеткерге 20 миллион теңге несие берген, ал қазір зейнетақысын бұғаттап тастаған. Бұл дұрыс емес, ол адам өмір сүре алмайды", – деп атап өтті Әбенов.

Оның айтуынша, бұғаттаулар салдарынан адамдар жұмысқа орналаса алмай отыр, ал мемлекет бұл кезде жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын мәлімдеуде.

Әбенов алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер үшін жауапкершілік мәселесін де маңызды деп санайды. Ол алаяқтықтың құрбаны болған адам сотта өз кінәсіздігін дәлелдеуге мәжбүр болатын қазіргі тәсілді қайта қарауды ұсынды.

"Шетелде бұл мәселе басқаша шешіледі: егер банк алаяқтық несиеге жол берсе, онда соттасуы тиіс тарап – банк, адам емес. Адам ештеңе білмеген, оның атына несие рәсімделген, ал қазір ол сот жағалап жүр. Мұны да қайта қарау керек", – деді депутат.

Оның пікірінше, бұл ережелер өзгермейінше, халықтың несиелік жүктемесі де, әлеуметтік мәселелер де күшейе береді.

Назархан Уән
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 09:41