Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Бақытжан Базарбек декларациядан бас тартуға қарсы шықты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалпыға бірдей декларациялаудың IV кезеңінің болмайтынына алаңдаулы. Заңшығарушы мұндай шешім елдегі жемқорлықтың өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Бақытжан Базарбектің айтуынша, енді шенеуніктер өздерінің көлеңкелі схемаларын қаржылық есеп беруден босатылған тұлғалар арқылы жүзеге асырады.

“Қазіргі заманда жемқор қалай ойлайды? Мемлекеттің мүлкін, ақшасын өзі емес, үшінші және төртінші тұлғалар арқылы алу туралы ойлайды. Осылайша бұл іске оның жақындары, отбасы, туыстары араласады. Сондықтан бірнеше жылдан кейін бұл мәселеге қайта оралуымыз керек”, – дейді депутат.

Айта кетейік, қазақстандықтардың бәрі бірдей декларациялаудан босатылмайды. Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектордың басшыларының әйелдері мен күйеулері қаржылық есеп беруді жалғастырады. Сондай-ақ 20 мың АЕК-ден астам мүлік сатып алған азаматтар мен Қазақстаннан тыс жерде мүлкі барлар, сондай-ақ кәсіпкерлер декларация тапсыруға міндеттелді. 

Қаржы министрінің айтуынша, мұндай шешім мәліметтерді жан-жақты сараптаудан өткізгеннен кейін қабылданды.

“Егер жеке тұлға өзінің көлеңкелі кірісін жасырмақ болып, оны басқа жеке тұлғаға қайта тіркесе, онда қайта тіркеуге алынған жеке тұлға декларация тапсыруға тиіс. Оның алдында қымбат мүлікті сатып алу үшін қаражатты қайдан алды деген сұрақ туады”, – дейді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Бұған дейін қазақстандықтардың келесі жылы жалпыға бірдей декларациядан босатылатыны туралы жазған едік.

Талқылау