Экс-депутат 474 миллион теңге субсидия жымқырып, мемлекет қаржысын пәтерге, ойынханаға жұмсаған
Алматы облысында экс-депутат 474 миллион теңге субсидия жымқырып, казинода 170 миллион теңге ақша салды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысында Қарасай ауданы мәслихатының бұрынғы депутатына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық кірістерді жылыстату бойынша іс тергеліп жатыр.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдікті ауыл шаруашылығы басқармасына 947 миллион теңгеге "Награда" элиталық сортының таңқурай көшеттерін сатып алғанын айтып, жалған құжаттарды ұсынған. Нәтижесінде ол мемлекеттік субсидия түрінде 474 миллион теңгені заңсыз алған.
Ол қаражатты заңдастыру үшін 21 жалған жеке кәсіпкерлермен көп деңгейлі схеманы пайдаланып, олармен көшеттерді орау, тиеу және түсіру бойынша жалған келісімшарттар жасаған. Бұл жұмыстар іс жүзінде орындалмай, жалған құжат арқылы 431 миллион теңге өндірілген.
“Ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту үшін ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 миллион теңге табыс тапқан. Ол заңсыз ақшаға Алматыдан екі бөлмелі пәтер және "Toyota Highlander" автокөлігін сатып алған. Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 миллион теңге және 91 миллион теңге тұратын бағалы қағаздарға тыйым салынды”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар мемлекеттен ұрланған 170 миллион теңгені күдікті Қонаевтағы ойынханаға салғаны белгілі болды.
Соттың санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.
Бұған дейін солтүстік Қазақстанда коммерциялық ұйым басшысы Ұлттық қордан бөлінген ақшаны жымқырды деп күдікке ілінген еді.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
