Денсаулық сақтау министрлігі Тоқаевтың вакцинаның дұрыс сақталмауы туралы айтқанын жоққа шығарды
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның дұрыс сақталмауына байланысты жағдай болған жоқ. Азаматтарға бүлінген вакцина егілмеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың егу орталықтарында коронавирусқа қарсы вакциналарды сақтаудың температуралық режимінің бұзылуы туралы айтқан болатын.
Санитарлық комитет басшысының айтуынша, жаңа егу пунктін іске қоспас бұрын бірнеше кезеңдік тексеру жүргізіледі.
“Бізде егу пунктерін қадағалайтын арнайы топтар бар. Біз ақпан айында 200-ден астам тексеруді 200-ден астам егу пункттерінен бастаған болатынбыз. Бүгінде елімізде 2000-нан астам егу пункттері бар. Вакцина салу пункттері ашылған кезде міндетті түрде оны алдын ала тексереміз”, – дейді ол.
Сондай-ақ Есмағамбетова вакцина пункттерінде екпе жұмыстарын ұйымдастырумен байланысты бұзушылықтар анықталғанын атап өтті. Температуралық режимді сақтау мәселесі ерекше бақылауда.
"Мониторингтік тексерулер жүргізілуде. Олардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар вакцинаның қауіпсіздігіне әсер етпейтінін көрсетті. Бұзушылықтар азаматтардың вакцина салуды ұйымдастырумен, оларды бақылауымен және алдын алу шараларын орындаумен байланысты анықталды. Бүлінген вакцина азаматтарға егілмейді. Арнайы бақылаудың бірнеше кезеңі бар", – деді ол.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның егу пункттерінің үштен бірі коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзғанын, бұл оның тиімділігіне әсер еткенін мәлімдеген еді.
"Вакциналарды тасымалдау мен сақтаудың барлық аспектілерін нақты қарастырған жөн. Өкінішке қарай, соңғы деректер бойынша барлық өңірлер бұл жұмысқа дұрыс көңіл бөлмеген. Вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзудың көптеген фактілері анықталды. Мұндай жағдай егу пункттерінің шамамен 30%-ында болған. Бұл жағдай вакцинаның тиімділігінің төмендеуіне себеп болды", – деді Тоқаев.