Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денис Тенді өлтірді деп айыпталған үш күдіктіге сот үкімі шықты

Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты күдіктілерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі сот залынан.

Фото: Alexandr Pavskiy

Сот шешіміне сәйкес, Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал, үшінші күдікті Толыбаева Жанар 4 жылға сотталды.

Сотты Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарылық сот төрешісі Кеңшілік Әбделдинов жүргізді.

Арман  Құдайбергенов ҚР Қылмыстық кодексінің 188  баб (Ұрлық), екінші бөлігі, екінші тармағымен, 99 баб (Адам өлтіру), екінші бөлігі, жетінші, сегізінші тармақтарымен, 192 баб (Қарақшылық), екінші бөлігі, бірінші, төртінші тармақтарымен көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Нұралы Қиясов ҚР ҚК-нің 99 баб (Адам өлтіру), екінші бөлігі, жетінші, сегізінші тармақтарымен, 192 баб (Қарақшылық), екінші бөлігі, бірінші, төртінші тармақтарымен көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Жанар Толыбаева ҚР ҚК-нің 188 бабы (Ұрлық), екінші бөлігі, бірінші тармағы бойынша көзделген құқық бұзушылықтарды жасауда кінәсіз деп танылды. Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысы бар екені дәлелденбеген соң, ол ақталды.

“ҚР Қылмыстық кодекстің 58 бабы, төртінші бөлігіне сай Құдайбергенов Арман Бөрібаевичті түпкілікті 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Құдайбергенов Арман Бөрібаевичке жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалсын.

ҚР Қылмыстық кодекстің 58 бабы, төртінші бөлігіне сай, жазаларды ішінара қосу арқылы Қиясов Нұралы Дәулетбековичке түпкілікті 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қиясов Нұралы Дәулетбековичке жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалсын.

Толыбаева Жанар ҚК-нің 434 бабымен (Қылмыс туралы хабарламау) көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Толыбаева Жанар Үркенбаевнаға жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша орташа мекемесінде өтеу тағайындалсын”, — деп сот үкім етті”, — деп сот үкім етті.

Сот шешімі бойынша, Құдайбергенов пен Қиясов мемлекет пайдасына 1 миллион 860 мың 520 теңге төлеуі тиіс. Сонымен қатар, Құдайбергенов өзге қылмыстық істерінен зардап шеккен адамдарға 510 мың 634 теңге беруі қажет.

Айта кетсек, кеше өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы аталған іс бойынша өтіп жатқан  Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Жанар Толыбаеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.

 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау