Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өздерін ақтауды сұраған: Жоғарғы сот Денис Тенді пышақтап өлтіргендерді бостандыққа шығармады

Жоғарғы соттың судьялары Денис Теннің өліміне байланысты сотталғандардың кассациялық шағымдарын қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pikabu.ru / Арман Құдайбергенов / Нұралы Қиясов

10 қазанда Астанада Денис Теннің өліміне қатысты сотталғандардың кассациялық шағымы бойынша сот отырысы өтті. Отырыста Құдайбергенов пен Қиясовтың мүдделерін қорғаушы Самат Сағиданов сотқа жүгініп, екеуін де ақтауды сұрады. Содан кейін сот алқасы шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне шығып кетті.

"Судьялар істі кассациялық қарауға беруден бас тартты", – делінген соттың қаулысында.

Жоғарғы сот сотталғандарға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, 2019 жылдың қаңтарында Арман Құдайбергенов Денис Теннің өліміне кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі түзету мекемесінде 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Істің екінші фигуранты, Нұралы Қиясов та 18 жылға қатаң режимдегі түзету мекемесіне қамалды.

Бұл іс бойынша Жанар Толыбаева да жауапқа тартылған еді. Ол орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 2019 жылдың желтоқсанында ол қамаудан босатылды. Сот оның денсаулық жағдайына және қамауда баласының дүниеге келуіне байланысты жазаның өтелмеген бөлігін бостандығын шектеуге ауыстыру туралы шешім қабылдады. Кейін ол колонияға қайтып оралып, 2021 жылдың желтоқсанында толықтай босатылды.



Еске салайық, 2024 жылдың шілдесінде сотталғандардың жазасы жеңілдетілгені белгілі болды. Денис Тен автокөлік ұрыларының шабуылынан 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында қаза тапты. Сол кезде спортшының көлігінің айнасын Арман Құдайбергенов ұрлап кетті. Оның серіктесі Жанар Толыбаева сол уақытта көліктен жеті метр қашықтықта тұрған. Бірақ ол қасынан өтіп бара жатқан Денис Тенді байқамаған. Спортшы сол кезде көліктің жанындағы бейтаныс адамдарды көріп, оларға кедергі жасауға тырысқан. Құдайбергенов пен Тен арасында төбелес басталғанда Нұралы Қиясов сөмкесінен пышақ шығарған. Артынша Денис Теннің санына екі рет пышақ салған. Жарақат өлімге әкелді.

Талқылау