"Денесінің сау тамтығы жоқ": 4 жасар науқас баласын ауруханадан алып қашқан қазақстандық әйел табылды
Түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен 4 жасар бүлдіршіннің анасы баласын ұрып-соқты деген күдікке ілінді. Науқас баласын ауруханадан алып қашқан әйел табылып, ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: iВидеоданскрин/Instagram.com/zakiyevadinara
Балалар омбудсмені Динара Закиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында 4 жасар бала қолының оң жақ сүйектері сынып, кеуде қуысы, арқасы, жамбасы және тағы басқа жерлері көгеріп, ауруханаға түскені туралы жазды.
“Шешесінің айтуынша, бала баспалдақтан құлап қалған. Бірақ дәрігерлер баланың денесіндегі жарақаттар құлағаннан емес, зорлық-зомбылық салдарынан пайда болғанын айтады. Аталған дерек бойынша, Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігіне (Кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) сай қылмыстық іс қозғалды. Баланың денесінің сау тамтығы жоқ”, – деп жазды Динара Закиева.
Баласын ұрып-соқты деген күдікке ілінгенін білгенде әйел науқас ұлын ауруханадан алып кетті. Бұл кезде оның үлкен ұлы балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Келіншек пен баласы бірнеше күннен кейін табылып, қайта ауруханаға жатқызылды.
Балалар омбудсменінің айтуынша, тергеу барасында әйел балалардың мүддесін қорғаудан шеттетілді.
Бұған дейін петропавлдық келіншек құқық қорғау органдары баласын балалар үйіне алып кетті деп видеоүндеу жасаған еді.