"Денесінен 1,5 литр ірің шыққан": Пластикалық ота жасатқан алматылық әйел өлім аузынан қалды
Фото: almaty.tv
Пластикалық ота жасатқан 32 жастағы алматылық әйел өлім аузынан қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматылық Әйгерім Жасқадырова мінсіз мүсінге тез жетемін деген үмітпен жеке клиникалардың бірінде липосакция жасатуға шешім қабылдаған. Алайда күткен нәтиженің орнына оның жағдайы күрт нашарлап кеткен, қазір әйел өз бетімен жүріп-тұра алмайды.
Отадан кейін бірден науқаста ауырсыну, дене қызуының көтерілуі және ісіну белгілері пайда болған. Жағдайы күн өткен сайын нашарлап, 11 күннен кейін Әйгерім қайтадан сол клиникаға жеткізілген.
Әйелдің айтуынша, клиникада оған ультрадыбыстық тексеру (УДЗ) жасалып, сұйықтық жиналғаны анықталған. Содан кейін ол шұғыл түрде басқа ауруханаға ауыстырылған. Дәрігерлер жедел ота жасап әйелдің оң жақ аяғы мен бөксе тұсынан бір жарым литрге жуық ірің алып шыққан.
"Қазір екінші ай өтіп жатыр, мен әлі де еңбекке жарамсызбын. Өз бетімше ешкімнің көмегінсіз қозғала алмаймын. Кішкентай балаларыма да қарай алмай отырмын. Маған әлі де оңалту курсынан өту керек, себебі қазір оң жақ аяғым мүлде жұмыс істемейді. Аяққа тұра да алмаймын, көлік те жүргізе алмаймын", – дейді Әйгерім Жасқадырова.
Әйелдің айтуынша, бастапқыда дәрігерлер оның шағымдарына назар аудармай, тиісті ем тағайындамаған. Қайта ауруханаға түскеннен кейін ол ашық жарамен 20 күн бойы жатқан, үш рет қан құйылған. Әйгерімнің айтуынша, дәрігерлер ата-анасына оның тірі қалуына кепілдік бере алмаймыз деп те айтқан екен.
Зардап шеккен әйелдің мүддесін қазір заңгері қорғап жатыр. Заңгердің пікірінше, медицина қызметкерлерінің әрекеттері немқұрайлылық пен медициналық көмекті дұрыс көрсетпеу баптарына сай келеді. Клиника бастапқыда ота құнын, 2,5 миллион теңгені қайтаруға уәде бергенімен, кейіннен науқаспен байланысқа шықпаған.
Отаны жасаған хирург-косметолог Сергей Карабельников отаның қалыпты өткенін және барлық кейінгі шаралар медициналық хаттамаларға сай жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, асқынулар анықталғаннан кейін науқас шұғыл түрде тиісті мамандарға жіберілген.
Бостандық аудандық полициясы жәбірленушінің арызын тіркеді. Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, материалдар медициналық көмек көрсетудің сапасын тексеру үшін тиісті департаментке жіберілген.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
