"Денесін бөлшектеп тоңазытқышта сақтаған": Ақтөбе облысында оттық үшін досын өлтірген екі ер адам сотталды
Ақтөбе облысында адамның денесін ас үй пышағымен бөлшектеп тастаған ер адам және қылмысты хабарламаған танысы сотталды. Олар оттықты таппай дауласып, кейін араларындағы ер адамды пышақтап өлтірген. Қылмысты жасыру үшін оның денесін бөлшектеп, тоңазытқышта сақтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Іс материалдарына сүйенсек, қылмыс 25 қыркүйекте Хромтау ауданында болған. Сотталушы Панаскин кешкі сағат 23:00 шамасында танысы Михаил Лукиннің үйіне келген. Үйде ортақ танысы 1982 жылы туған Денис Кузменко болған. Бірге ішімдік ішкен.
Араларындағы жанжал оттықты таба алмаудан басталған. Олар оттықты кім алғанын білмей, өзара сөзге келген. Панаскин бірнеше рет жұдырығымен Кузьменконы ұрады. Кейін пышақты алып, бір рет сұғып алады. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Кейін Панаскин мен Лукин пәтерден кетіп қалған.
27 қыркүйек күні шамамен сағат 03:00-де Лукин аса ауыр қылмысты жасыру үшін пәтерге келіп, Лукиннің ізін жасыру үшін денені мүшелеуді ойлайды. Денені жуынатын бөлмеге апарып, аяқ-қолын кесіп алады. Оны карьерге апарады. Кейін дененің өзге мүшелерін бөліп, иіс шықпас үшін тоңазытқышқа салған.
Қанды оқиғаны жоғалған адамды іздеу кезінде полиция анықтады.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен Хромтаудағы оқиғаға қатысты үкім оқылды. Екі ер адам жуынатын бөлмеде адамның басы мен төменгі жағын бөлшектеп тастаған. Олардың бірі жасаған ісі үшін өкінетінін айтты. Ал екіншісі сот үкімімен келіспеді.
Фото: Stan.kz
Қылмыстық іс бойынша 38 және 40 жастағы екі сотталушыға екі түрлі баппен айып тағылды.
“Сот-наркологиялық сараптама қорытындысына сүйенсек, Лукин мен Панаскин психикалық ауруға шалдыққан. Ішімдікке тәуелді. Панаскин мен Лукин ішімдіктен мәжбүрлі түрде емделіп, психиатрдың қарауына алынады. Константин Панаскин қылмыстық кодекстің 99 бабы 1 бөлігімен (кісі өлімі) бойынша айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Михаил Лукин Қылмыстық одекстің 439 бабы (қылмысты жасырып қалу) бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын“, – деді судья Сабыров.
Екеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.