Денесі шұңқырдан табылды: СҚО-да оқушы қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды
Солтүстік Қазақстан облысында 17 жастағы қыз су жиналатын шұңқырға жұмбақ жағдайда батып кетіп, көз жұмды.
Сурет: Көрнекі сурет
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында орын алған. Жоғары сыныпта оқитын қыз 13 қазанда түнгі сағат 22:00 шамасында үйінен шығып кетіп, сол күйі хабар-ошарсыз кетіпті.
Артынша қыздың туыстары дабыл қағып, полицияға жүгінген. Полицейлер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар оқушы қызды іздестіріп, ертесі күні оның денесін су жиналатын шұңқырдан тауыпты.
СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер қыздың денесінде күштеп өлтіру белгілері жоқ екенін айтты. Марқұмның сырт киімі мен ұялы телефоны шұңқырдың шетінен табылған.
«Мәйітті сою нәтижесі де қылмыстық сипаттағы өлтіру белгілері жоқ екенін көрсетті. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеу тізімдемесіне енгізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды», - дейді полициядағылар.
Сонымен қатар ведомстводағылар көз жұмған қыз бен оның отбасына оң сипаттама берді.