Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денесі аурухананың жертөлесінен табылған: Жамбыл облысында жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу жүргізілуде

Жамбыл облысы Шу қаласындағы аурухананың жертөлесінен жүкті әйелдің денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ахабарлайды. 

Фото: shutterstock.com

Марқұмның туыстарының айтуынша, 5 наурызда 34 апталық жүктілік кезінде әйел Шу қаласындағы көпсалалы ауруханаға жүктілік қатерімен түскен. 9 наурыз кешке оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен, ал 10 наурызда дәрігерлер ота жасап, ішіндегі ұрықты алып тастаған. Содан кейін ол жансақтау бөлімінде жатқан. Екі күннен кейін, есін жимай, көз жұмған.

Шу қаласының тұрғындары дәрігерлер пациенттің өлімін жасыруға тырысқанын айтады. Жергілікті тұрғындар мен журналистердің күш-жігері арқасында іс әлеуметтік желілерде кеңінен талқылана бастады.

Туыстарының айтуынша, күйеуі аурухана бойымен әйелін іздеп жүріп, оның ісінген денесін аурухананың техникалық бөлмелерінің бірінен жағымсыз иіс арқылы тапқан.



Ал Шу қалалық көпсалалы ауруханасы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, науқас 22 наурызда жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігінен көз жұмған. 

“Шу қаласының көпсалалы аудандық орталық ауруханасында ана өлімі оқиғасына қатысты тергеу шаралары жүргізілуде. Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасында осы факт бойынша жұмыс тобы құрылды. Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бұл оқиға бойынша тексеру жүргізуде. Тексеру нәтижелері мен сараптама қорытындысы кейінірек жарияланады”, — делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында. 

Полиция департаментінде “медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелуі” бабы бойынша алдын ала тергеу басталған. Қажетті сараптамалар жасау үшін әйелдің денесі Тараз қаласына жіберілді.

Еске салсақ, Жамбыл облысында босанған әйел комаға түсіп, жаңа туған сәбиі шетінеп кеткені туралы жазған едік. 

Талқылау