Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда жоғалып, өлі табылған ерлі-зайыптының денелерінде пышақ жарақаттары болған

Атырауда жоғалып, өлі табылған ерлі-зайыптылардың денелерінде пышақ жарақаттары болған

Фото: Атырау облыстық ПД

Атырау облыстық полиция департаменті іс-түссіз жоғалып кетіп, үй ауласындағы сарайдан мәйіттер табылған ерлі-зайыптыға қатысты тың ақпарат жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайы.

Әлеуметтік желіде “зейнеткерлерді тұншықырып өлтірген болуы мүмкін” деген ақпарат тарады. 

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет ерлі-зайыптының өліміне не себеп болғаны нақты белгісіз екенін атап өтті.

“Ресми мәліметке сәйкес, марқұмдардың денелерінде пышақпен салынған жарақат іздері бар, яғни шаншып-кесілген дене жарақаттары тіркелген. Полиция мәйіттерді сот-медициналық сараптамаға тапсырды. Қазір сарапшылардың қорытындысын күтіп отырмыз. Өлімнің нақты себебін мамандар анықтайды. Сот-медициналық сараптаманың өзіне тән мерзімдері мен рәсімдері бар”, – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ ол екі адамға халықаралық іздеу жарияланғанын атап өтті.

“Ерлі-зайыптының қызына сары бюллетень бойынша, яғни із-түссіз жоғалу фактісімен халықаралық іздеу жарияланды. Ал оның күйеуі күдікті ретінде іздестіріліп жатыр. Қазір олардың қайда жүргенін, полиция бөліміне жеткізу бойынша шаралар жүргізіліп жатыр”, – деді баспасөз хатшысы.

Іздеу салынған адамдардың SIM-карталары Қазақстанның әртүрлі қалаларында тіркеліп, қолданылғаны туралы ақпарат шықты.

Сонымен қатар қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқағалиев пен 35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина әлі іздестіріліп жатыр. Мирамгүл Қарабалина соңғы рет Атырау қаласында бейнебақылау камераларына түскен.

“Тергеу аясында біз оның нақты қай камераға түскенін және қандай ақпарат бар екенін жариялай алмаймыз”, – деді Мейірім Ердәулет.

Полиция әлеуметтік желі қолданушыларын ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және жалған немесе тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде жоғалған. Іздеудегі адамдар 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мирамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев.

Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 15:46