Даулы шешім: 2 айдан кейін “Сенегал” чемпиондық атағынан айырылды

2025 жылғы Африка Ұлттары Кубогының жеңімпазы ресми түрде қайта анықталды. Матчтан кейін екі ай өткен соң Африка футбол конфедерациясы (CAF) Сенегал құрамасының чемпиондық атағын жойып, жеңісті Мароккоға берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бастапқыда финалда жеңіске жеткен “Сенегал” чемпион деп жарияланған еді. Алайда кейін CAF матч барысында болған тәртіп бұзушылықтарды қарап, нәтижеге өзгеріс енгізді.
Даулы сәттер ойынның соңында орын алды. “Сенегал” футболшылары төреші шешіміне наразылық білдіріп, алаңнан кетіп қалған. Марокко тарапы бұл жағдай ойын барысына әсер етті деп есептеп, CAF пен FIFA-ға ресми шағым түсірген.
Матч барысында VAR жүйесі арқылы “Сенегалдың” бір голы есепке алынбай, кейін олардың қақпасына пенальти белгіленген. Осы шешімдерге келіспеген бас бапкер Пап Тиав командасын уақытша алаңнан алып кеткен.
Шамамен 15 минуттан кейін сенегалдық ойыншылар қайта оралып, қосымша уақытта Пап Гейе есеп ашқан.
Алайда CAF турнир регламентінің 84-бабына сәйкес шешім шығарды. Бұл бапта 82-бапты бұзған командаға техникалық жеңіліс (3:0) беріледі деп көрсетілген.
Осылайша апелляциялық кеңес Сенегал құрамасының әрекетін ереже бұзу деп танып, Марокконы турнир жеңімпазы деп жариялады.
Сенегал футбол федерациясы бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеп, оны "әділетсіз" деп атады. Ұйым Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сотқа шағымданатынын хабарлады..
Сонымен қатар тәртіп бұзушылықтар үшін екі тарапқа да 50 мыңнан 100 мың долларға дейін айыппұл салынды.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған