Даудан кейінгі жеңіс: Мексикалық Фатима Бош "Әлем аруы - 2025" атанды
Фото: Видеодан скриншот
“Әлем аруы – 2025” халықаралық сұлулық байқауының жеңімпазы белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентті хабарлайды.
“Әлем аруы – 2025” жеңімпазы
Бүгін Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өткен “Miss Universe – 2025” халықаралық сұлулық байқауының финалында мексикалық Фатима Бош “Әлем аруы” атанды. Оған тәжді “Әлем аруы – 2024” иегері, даниялық Виктория Кьер Тейлвиг табыстады.
Фатима тұрақты сән индустриясына бағытталған жобалармен айналысады, онкология дертіне шалдыққан балаларға көмектеседі, сондай-ақ мигранттарды қолдауға және табиғатты қорғауға арналған бастамаларға қатысады. Ол жеңісінен кейінгі сөзінде тәжді әйелдердің өзіне сенімді болуы үшін тағып жүретінін мәлімдеді.
“Мен бұл тәжді қараңғылық басқан жерге жарық сыйлау үшін, қыздар мен әйелдерге өз дауыстарының күшіне сендіру үшін, ең бастысы, олардың дәл бүгінгі қалпыменде көп дүниеге қол жеткізе алатынын көрсету үшін тағып жүргім келеді”, – деді әлем аруы.
Фатиманың бойы – 174 сантиметр, 25 жаста. Ол Иберо-америкалық университетте киім дизайны мен сән мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған.
Топ – 5
Байқау қорытындысы бойынша финалдағы үздік бестік:
Бірінші вице-мисс – Таиландтың намысын қорғаған Правинар Сингх;
Екінші вице-мисс – венесуэлалық Стефани Абасали;
Үшінші вице-мисс – филиппиндік Ахтиса Манало;
Төртінші вице-мисс – Кот-д’Ивуар атынан қатысқан Оливия Ясе.
Байқауда Қазақстан намысын кім қорғады?
“Miss Universe – 2025” сұлулық байқауына Қазақстан атынан Дана Алмасова қатысты. Байқау барысында қазақстандықтар Данаға ерекше қолдау білдіріп, дауыс беру арқылы бірнеше номинацияның алғашқы бестігіне ілігуіне атсалысты.
Дана Алмасова – модель, ұлттық Miss Qazaqstan – 2025 байқауының жеңімпазы, ел атынан әлемдік деңгейде өнер көрсету құқығына ие болған ару. Модель Қостанай қаласынан, 21 жаста, жоғары оқу орнын Түркиядағы Анадолы университетінде тәмамдаған.
Ол қайырымдылықпен белсенді айналысады, өзін-өзі дамыту мен экология тақырыбына арналған блог жүргізеді және заманауи қазақстандық әйелдің – күшті, білімді әрі әлемге ашық бейнесін насихаттайды.
Айта кетейік, Қазақстан “Miss Universe” байқауына 2000-жылдардың басынан бері қатысып келеді. Былтыр еліміздің намысын 24 жастағы "Miss Universe Kazakhstan – 2023" атағының иегері Мадина Альмуханова қорғаған еді.
Еске салайық, “Miss Universe” сұлулық байқауының биылғы маусымында үлкен дау шыққан еді. Бангкоктағы қатысушылар орналасқан қонақүйде жоғары лауазымды ұйымдастырушы “Мисс Мексика” атағын иеленген бойжеткенді көпшілік алдында қорлаған. Осы оқиғадан кейін өзге қатысушылар наразылық білдіріп, залдан шығып кеткен.
Жанжалдың сәті түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқыға түсті. Көпшілік бұл сәтті “Miss Universe” тарихындағы ең батыл әрекет” деп атады.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді