Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дастархан жайып, ас берді": Жұлдыз Әбдікәрімова марқұм Дулат Исабековке қатысты естелік айтты

Отандық актриса, кинопродюсер Жұлдыз Әбдікәрімова марқұм Дулат Исабековті есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial/

Өнер иесі 20 жыл бұрынғы естелігін бөлісті. 

“Ұлылық – қарапайымдылықта. Бірақ, “Қарапайымдылықтың барлығы ұлылық емес!” деген тәмсілді 17 жасымда, репетициялық сахнада тұрып, осы ұлы адамнан естіген едім. Дулат аға менің ұстазым Байтен Омаровпен жақын дос болды. Исабековтың шығармалары сахналанатын кезде, репетицияға өзі арнайы келіп қатысатын. “Кішкентай рөл жоқ, кішкентай актер ғана болады” деп, барлығымызды мұқият тыңдайтын”, – деп жазды актриса.



Сөзінше, студент кезінде жазушының шаңырағында қонақ болып, туған жерінде спектакль қойған.

“Ол кезде студентпін. Бір күні жазушының туған жері Арыс қаласына барып, спектакль қоятын болдық. Облыс, ауыл-аймақтың әкімдерінен бастап, үлкен-кішінің барлығы жазушының қолын алып, қабағын бағып, айтқанын екі етпей зыр жүгіріп жүрді. Исабековтың үйінде дастарқан жайылып, ас беріліп жатты. Келген сыйлы қонақтар кірсін деп, біз студенттер шетте тұрдық. Сонда аға былай деді: “Мына жиналған жұрт сендердің, яғни, актерлердің өнерін тамашалауға келді. Сендерден сыйлы ешкім жоқ. Төр – сендердікі. Кіріңдер ішке!” деп бізге құрметтің көкесін көрсетті. Ол күндерден қалған Дулат ағамның әр сөзін, кеңесін ұмытпаймын, ұмыту мүмкін емес. Бұл ұлт деңгейіндегі руханиятымыз үшін ауыр қаза. Қазақ еліне, әдебиет әлеміне, марқұмның отбасына, өзі тәрбиелеген шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын.
Бақұл болыңыз, қарапайым ұлы адам. Фото 2005 жылы түсірілген”, – деді киножұлдыз. 

Еске салайық, "Өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін айтты" деп Бақытжан Бұқарбай марқұм Дулат Исабековтің асынан ұялып қайтқанын жазған еді. 

Талқылау