Дастан Сәтпаев әлемнің үздік жас футболшыларының қатарына енді
Фото: “Қайрат” фк
Алматылық “Қайрат” футбол клубының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев әлемдік үздік 5 жас футболшылардың қатарына енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Танымал халықаралық платформа Score 90 жас санаты бойынша бөле отырып, жаңа рейтинг жариялады.
Аталмыш тізімде Дастан Сәтпаев топ-5 футболшының қатарына кірді.
2008 жылғы буын арасындағы үздік бестік:
1. Леннарт Карль (Германия, "Бавария")
2. Ибраим Мбайе (Сенегал, ПСЖ)
3. Нгумоа Рио (Англия, "Ливерпуль")
4. Хонест Аханор (Италия–Нигерия, "Аталанта")
5. Дастан Сәтпаев (Қазақстан, "Қайрат" / "Челси")
Сонымен қатар Дастан Сәтпаев “Қайрат” сапында “Копенгагенге” қарсы ойында гол соғып, Чемпиондар лигасы тарихында гол соққан ең жас футболшылардың қатарына қосылды. Ол – Қазақстан тарихында УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде гол соққан алғашқы қазақ футболшысы атағына қол жеткізді.
Жалпы, Дастан Сәтпаев үшін 2025 жылдың қараша айы оның мансабындағы ең табысты кезеңдердің бірі болды деуге негіз бар. Себебі әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өткен “Қазақстан – Бельгия” матчында ол гол соғып, ұлттық құрама тарихындағы рекордты жаңартты. Осылайша Дастан Қазақстан құрамасы сапында гол соққан ең жас футболшы атанды.

