Дарынды спортшылар мектебі, оңалту орталығы: Мемлекетке қайтарылған 525 миллиард теңгеге бірқатар нысан салынады
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда 525 миллиард теңгені мемлекетке аудару мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Комиссия "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектілерінің жалпы сомасы 525 миллиард теңгеден астам қаражатты мемлекет пайдасына аудару және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерін мақұлдады.
Қаражатты арнаулы мемлекеттік қорға аударумен қатар, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешен, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы қабылданды.
"Мемлекет басшысы айтқандай, қайтарылған қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс. Осы жылдың басынан бастап қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам келісімдер мақұлданды. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы басталды", — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін президент тапсырмасы бойынша арнаулы мемлекеттік қордан Ақмола облысындағы Зеренді ауылында спорттық кешен және Түркістан облысындағы Темірлан ауылында музыка мектебінің құрылысына қаражат бөлінді. Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.