Дәрілік заттар сатып, пайда табуға уәде берген: Маңғыстауда LiveGood қаржы пирамидасын ұйымдастырушының ісі сотқа жолданды
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі
Сексеннен астам қазақстандық дәрілік заттар мен тағамдық қоспалар сатудан пайда табуға уәде еткен LiveGood қаржы пирамидасының құрбанына айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігі LiveGood қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді.
"LiveGood компаниясы дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сату түріндегі желілік маркетинг ретінде көрініп, шын мәнінде салымшыларды тарту арқылы кепілдендірілген табыс уәде етіп отырған. Өнімді сатып алу міндетті болмаған. Қатысушылардың табысы тікелей түрде жазылу құны 50 АҚШ долларынан басталатын жаңа адамдарды тарту санына байланысты болған. Салдарынан 80-нен астам тұрғын қаржы пирамидасының құрбанына айналды", – деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
ҚМА мәліметінше, салымшылардың қаражатын заңдастыру мақсатында күдікті қаржыны криптовалюта биржасы арқылы заңсыз операциялармен шығарып, кейін туыстарының шоттарына аударған.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа ол Ақтау қаласынан екі пәтер мен Lexus автокөлігін сатып алған. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны – 43 млн теңге.
"Соттың санкциясымен күдіктінің 132 млн теңге көлеміндегі есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алынды. Іс сотқа жолданды", – деп мәлімдеді ҚМА өкілі.
Еске салсақ, бұған дейін "UILI BOLAYIK" (Үйлі болайық) атты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғанын жазған едік. Қаржы пирамидасы халықты алдап, әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы арқылы мүлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
