"Дәрілер жетіспейді": Белгілі актриса Таня Турлайдың жазбасынан кейін Рудный ауруханасы тексеріске ілікті

Анасын емдетіп жүрген блогер Таня Турлай Рудный қалалық көпсалалы ауруханасында дәрі-дәрмек пен медициналық материалдар жетіспейтінін мәлімдегеннен кейін, Денсаулық сақтау министрлігі мекемеде жоспардан тыс тексеріс бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белгілі актриса Таня Турлай Рудный қалалық ауруханасындағы жағдайға алаңдап, денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жасады. Ол анасын емдету барысында терапия бөлімінде негізгі дәрі-дәрмек пен медициналық материалдардың жетіспейтінін айтып, құзырлы органдардан тексеріс жүргізуді сұрады.
"Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Рудный қалалық ауруханасының терапия бөліміндегі жағдайға шұғыл назар аударуды сұраймын. Анам үш аптадан бері сол жерде ем алып жатыр. Осы уақыт ішінде ауруханаға күн сайын барып, медицина қызметкерлерімен және науқастармен сөйлесіп, бөлімшеде физерітінді, бинт, тамшылатқыш жүйелер мен дәрі-дәрмек сияқты ең қажетті заттардың жетіспейтінін көрдім. Тапшылық салдарынан медбикелер кейде қолда бар құралдарды пайдалануға мәжбүр, ал кейбір қызметкерлер науқастарға көмектесу үшін қажетті материалдарды өз үйлерінен әкеледі. Соған қарамастан, пациенттер медициналық сақтандыру жарнасын төлесе де, кейбір дәрілерді өздері сатып алып жатыр", – деп жазған блогер желідегі парақшасында.
Бұдан бөлек Таня Турлай жәрігерлер барын салып жұмыс істеп жүргенін және оларға алғысым шексіз екенін айтады.
"Бірақ мұндай жағдайда еңбек ету өте қиын. Рудный қалалық ауруханасының жабдықталуын тексеріп, пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетілуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды сұраймын. Қоғамның өркениеттілігі оның науқастарға қалай қамқорлық жасайтынымен өлшенеді. Мәселеге үнсіз қарау оны мойындаумен тең. Біздің ата-аналарымыз қарапайым медициналық көмекті ала алмаса, бұл өте ауыр жағдай", – деді Таня Турлай.
Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті блогер Таня Турлайдың жарияланымынан кейін Рудный қалалық көпсалалы ауруханасында жоспардан тыс тексеріс бастаған.
"Комитет медициналық ұйымның жұмысын тексеріп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуінің тұрақтылығын бағалайды. Жағдай ведомство басшылығының жеке бақылауына алынған", – делінген министрлік жауабында.
Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта аурухана бөлімшелері медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен толық қамтамасыз етілген.
"Тексеру қорытындысы бойынша комитет халыққа сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды", – деп қорытындылады министрлік.
- Танымал актриса Таня Турлайдың әкесі дүниеден өтті
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде актриса Айнұр Ильясова Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жатқан анасына анестезиолог дәрігер қысым көрсетіп, ақша талап еткенін жазған. Кейін ол бұл мәселе бойынша ресми шағым түсіріп, орталық қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын айтқан еді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты