Дәрігерлер кәсіби қателіктері үшін салық төлейді
Дәрігерлер кәсіби қателіктері үшін енді қылмыстық жазаға тартылмайды. Оның орнына ақ халаттылар тәуекел салығын төлемек, деп хабарлайды КТК.
Яғни, әр дәрігер қорға ашқа жинап, түскен қаржыға емнен денсаулығына керісінше зиян келген немесе өлім тіркелген жағдайларда өтемақы қарастырылады. Қыруар ақшаны арнайы құрылған тәуелсіз қор басқармақ. Денсаулық сақтау министрлігі осылайша дәрігерді сотқа сүйреуден құтыламыз дейді. Отандық медицинаның кезекті реформасымен Азамат Алдоңғаров таныстырсын.
-Менің өмір сүргім келмейді. Бәрінен шаршадым.
Людмила Немченконың бұлай баз кешуінің себебі – дәрігердің қателігі. Оның бұл күнін қу тіршілік демеске амал жоқ. Операция кезінде дәрігер қуығын кесіп алған. Зейнеткердің енді дәреті тұрмайды. Ал хирург сол күйі жауапқа тартылмаған. Жөргексіз жүре алмай қалған әйел енді әділдіктен де, емнен де күдер үзіп отыр.
“Ота жасайтын кезде хирург мас болды. Жалғыз ол емес, медбике, көмекшілерінен де ішімдіктің иісі аңқып тұрды. Сол кезде-ақ күдіктеніп, ішім сезіп еді жамандықты. Енді қазір, не істеңіз оны істеңіз, мен кім, сіз кімсіз деп есігін «тарс» жабады”, – дейді Людмила Немченко.
Ал Самат есімді жігіт көз емдеу клиникасына минус 1,5-мен келіп, минус 13-пен кеткен. Орталықпен дауласқанына биыл үшінші жыл. Бірақ іс сотқа бармапты. Себебі дәрігерлер кезінде қолхат жаздырып алған.
“Қателікті түсінген клиника, меннен ешқандай талап-арызым жоқ деген қолхат жазу шартын қойып, нашарлап кеткен бір көзіме ота жасауды ұсынды. Бәрі жақсы боласыз деген. Бірақ өзгеріс жоқ. Олардың осылайша шағым беру мерзімін созғандарын енді түсіндім”, -дейді Самат Ысқақов.
Ресми статистикаға сенсек, бір жылда ақ халаттыларға 500-ге жуық шағым түседі. Бірақ оның санаулысы ғана сотқа жетеді. Мысалы 2016 жылы 15 дәрігер жазаға тартылса, оның алдыңғы жылы екеуі ғана. Дәрігер қателігімен таныс азаматтар, олардың кінәсын дәлелдеу басқа бір дәрігердің қолында болғандықтан, қиынның қиыны дейді. Қарға-қарғаның көзін шұқымайтын жазылмаған заң. Мамандарын соттан қорғау үшін Денсаулық сақтау министрлігі енді арнайы қор құрмақшы.
“Дәрігердің мамандығына байланысты міндетті сақтандыру жарнасы 24 мың мен 40 мың теңге аралығында. 40 мың хирургтардан алынады, себебі олардың тәуекелі ең жоғары. Қатардағы медқызметкерлер 5 мыңнан аударады. Егер де дәрігерлердің қателігінен пациенттің денсаулығына зиян келсе 900 мың мен миллион 800 мыңның аралығында, қайғылы жағдай болса 2 миллион теңгеден аса өтемақы төленеді, – дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Министрлік есепке 29 мың дәрігерді алып отыр. Оған сәйкес қорға бір жылда бір миллиард теңгеден артық түсуі тиіс. Дәрігердің қателігін тыю мүмкін еместігін түсінген министрлік, осылай сақтанбақшы.
Әріптестерінің қателігі үшін қосымша міндетті салық төлеу идеясына қатысты дәрігерлер әлі пікір білдірген жоқ. Ал емнен зиян шеккен азаматтар, жаңа қор құр салық жинайтын ұйым ғана болады деп күдікпен қарайды.
Тағы да оқыңыз:
ОҚО-да той кортежіне ілесіп көліктермен қатар тікұшақ ұшты (видео)
Алматыда қыз бала жаяу жүргіншілерге арналған көпірден секіріп кетті (фото)
Алып қашудың құрбаны болған 19 жастағы қызды жақындары жер қойнына тапсырды