"Дәрігерді 6 сағат оята алмадық": Қазақстандық төрт жасар ұлының комаға түскеніне дәрігерлерді кінәлады
Фото: Stan.kz
Арыс қаласының тұрғыны Ұлжалғас Жүзей бір аптадан бері жанын қоярға жер таппай жүр. Өйткені бақшадан келген баласының қызуы көтеріліп, түнгі үште талмасы ұстаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрын-соңды мұндайын көрмедім деген келіншек бірден жедел-жәрдемге жүгініпті. Бірақ, асығып ауруханаға барғанымен 6 сағат бойы дәрігерді күттік деп ашынады ата-ана.
“Бала түнгі үш жарымда келгеннен өзімен-өзі жата берген. Медбикесі қабылдап алған. Оның өзінде қайтармақшы болған. Бір сағатта кейін тағы да талмасы қайталанған. “Дәрігер келсін, дәрігер келсін” деп тек мұрынға таза ауа жіберетін құрылғыны қосқан. Басқа еш нәрсе істелмеген. Медбикесінен 102 түсініктеме алынғанда “дәрігер ұйықтаған. Барып үш мәрте барып тұрғыздым, оянбады” жауап берді. Бұл салғырттық дәрігерлердің кесірінен болып тұр”, – дейді Әлирахман Сейтханның әкесі Муазхан Маутов.
Түнде түскен 4 жасар Әлирахманды дәрігерлер таңғы тоғызда бір-ақ қараған. Оған дейін іші ауырған балақайдан әл кетіп, көп ұзамай есінен таныпты. Содан бері бүлдіршін комада жатыр. Дәрігерлер болса әлі күнге дейін нақты диагнозын қоя алмай отыр дейді анасы.
“Бізге осы уақытқа дейін айтқан бар сөздері жағдайы өте ауыр. Не істеп жатырсыздар десек дұрыс жауап бермейді. Бүкіл дәрігердің айтатыны бір “жағдайы ауыр”. Аппарат жоқ, анализ алмаған. Кеше дүйсенбіден бастап қана қарап жатыр”, – дейді Әлирахманның анасы Ұлжалғас Жүзей.
Арыс ауруханасының басшылығы болса мекемеде не компьютерлік тамография, не МРТ аппараты жоқ дейді. Сондықтан Әлирахманның диогнозын да анықтай алмаған. Құрылғы тек облыстық емдеу мекемесінде. Ал оған балақайды аман жеткізетініне ешкім кепілдік бере алмайды.
“Сол түні алсақ, 35 науқас келіп қаралған ауруханаға. Енді ол шындыққа жанаспайды деп ойлаймын. Келіп ұйықтаған 6 сағат бойы деген мүмкін емес. Кезекші дәрігер пайымдауы бойынша басқа науқасты көрдім дейді. Қазір ол кісі жайлы толық тексеру, тергеу жұмыстары жүріп жатыр”, – дейді Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Марат Төлегенов.
Бір аптадан бері иненің ұшында жүрген Әлирахман Сейтханның ата-анасы дәрігерлер қол қусырып отыра бермесе дейді. Өйткені 4 жасар бүлдіршінің жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады. Медицина мамандары бірде басына қан құйылған десе, бірде инфекция жұққан деп болжаумен әлек. Жалғыз ұлдың өміріне алаңдаған жанұя денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрап отыр.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
