Дариға Бадықова: Бізде ұрлауға мүмкіндік жоқ екен, әйтпесе ұрлағанның көкесін көрсетеді екенбіз
Дариға Бадықова қазақстандық қыздардың тәрбиесі мен Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде дүкен тонаған нәзік жандыларға қатысты ой қозғады. Актриса шенділерді "ұры" деп айыптап, алайда өздері де ұрлыққа барған халыққа қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бадықова моншада болған оқиғасымен бөлісті.
"Мен моншаны жақсы көрем, аптасына бір рет міндетті түрде барамын. Моншаның әр бөлмесіне кірудің өзіндік ережелері, элементарный этикалары бар, білетін шығарсыздар? ⠀
Мәселен, ыстық пар бөлмеге кірмес бұрын әуелі душқа кіріп жуынып-шайынуың керек, бассейнге басыңа арнайы шапкаңды киіп түсуің керек дегендей…⠀
Айтайын дегенім, сол жерде орысша шүлдірлеген, өздерін сұмдық интеллигентпіз деп тұрған бірен-саран қыздар әлгі нәрселердің ешқайсысын істемейді ғой.⠀
Мен әр кірген келіншектердің қалай кіргенін көріп отырмын, жуынбай-шайынбай пар бөлмеге кірді. 1-2 сағаттан кейін пар бөлме иістенді, себебі жуынбай кіріп жатқандар қаншама?⠀
“Сол пар бөлмелерді жуатын банщица қыздарға мынаның ішін жуасыздар ма?” деп едім, “біз түнде бірақ жуамыз”, деді" деген актриса қатты таңғалғанын жеткізді.
"Былай болмайды, онда пихтаны пешке, қабырғаларға шашайық дедім. Содан пихтаны тазикке араластырып шашайын десем, "Девушка, мы же паримся" деп типа интеллигентныйлар сөйледі.
Сосын мен айттым былш еткізіп, "іші сасып кетті" деп. Содан олар сасып жүргендерімен ісі жоқ, "Ойй, тогда мы выйдем", – деді.
Ішімнен қуанып кеттім кетіңдерші деп. Басқа пар бөлмелердің де ережелері бар, оны сақтап жатқандар аз", – деп жазды актриса.
Бадықова қоғамдық орындағы этикетті орындау үйдегі тәрбиеден басталатынын айтты. Ол бүгінде қыздарға лайықты тәрбие беретін аналардың азайып бара жатқанын айтып күйінді.
Мәдениетсіздіктің куәсі болғаны аздай, актриса ұрылардың қармағына түскен. Моншада жүргенде Бадықованың 20 мың теңгелік халаты ұрланған. Осы орайда ол Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде жаппай дүкен тонаған әйелдерді еске алды.
"Ойбай, әкім ұры, министр ұры, басқасы ұры дейміз. Бізде ұрлауға мүмкіндік жоқ екен да, әйтпесе ұрлағанның көкесін көрсетеді екенбіз.
Көрдік. Бәрін үкіметке жауып қойып отырмай, әркім өзінен, өз үйіндегі өз баласын тәрбиелеуден бастасыншы дегім келеді", – деді актриса.