Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолды бөгеген ақтаулықтар емес": Қайрат Нұртастың анасы митинг кезінде не болғанын айтты

Ақтауда алғаш митинг басталған кезде Қайрат Нұртас даудың астында қалған еді. Rixos Aktau қонақ үйінде концерт берген әнші шыққан соң бір топ азаматтардың тосқауылына тап болды. Қалада шеру болып жатқан кезде, белгісіз жігіттер оның көлігін өткізбей қойған. Видео авторлары "Қайраттың көліктен түспегенін" жазса, анасы мұны жоққа шығарды. Гүлзира Айдарбекова сол күні не болғанын баяндады, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қайрат жайлы алып-қашпа әңгімелер оның продюсері әрі анасы Гүлзира Үсенқызының жанына батады. Ол көпшіліктен жалған ақпарат таратпауды өтінді.

"Ақтаулықтар Қайратты өйтіпті-бүйтіпті, көліктен түспеді деген өсектер біраз желіні шулатып, іші тар, көреалмай отырғандар ойдойт түрлі суреттерін қойып ауыздарына келгенін жазғандарымен өз-өзін жұбатып әлек. Қайратты Ақтаулықтар аяғын жерге тигізбей құрметтеп бірінен соң бірі кеткенінше күтіп жіберді, еш уайымдамасаңыздар болады. Оған дәлел мына видеолар, қажет болып жатса. 

Тіптен Ақтаулықтар ұрып тастапты деп беті қанаған етіп монтаждап та салып қойыпты. Бір тал шашы да түскен жоқ, бетіне саусақтарының ұшы да тиген жоқ. Қашатын адам көліктің жарығын жағып, мені көрдіңдер ма дегендей отырмайтын шығар, өсекке ермес бұрын, есі дұрыс адам осыдан-ақ ой түйер. Қайрат көліктен шығып мән-жайды айтып, қайта отырған кезінде түсірілген видео екені көрініп тұрған жоқ па, көліктің жарығын жағып отырғанынан-ақ", - дейді Айдарбекова. 

Үсенқызының айтуынша, Қайраттың жолын бөгеген бейбіт шеруге қатысушылар емес, нағыз арандатушылар. Ал маңғыстаулықтар керісінше, хитменге көмек көрсеткен көрінеді. 



"Ол жерде Ақтаулықтар емес, шет жақтан келген, жолды жауып елді дүрліктіріп тұрған жігіттер. Ақтаулықтар жарады, оларды бірден орнына қойып тастады, бейбіт шеру жасау керек деп бәрін ақылмен тарқатып, арандатушыларға міз бақтырмай қойды. Елдегі арандатушылардың кесірінен қаншама боздақтарынан айрылған аналардың жер құшып, көз жастары көл болғанын көріп отырып, желі арқылы елдің ойын кері пікірге бұрып, азғырып отырғандар, өсекті тоқтатсаңыздар екен", - дейді Қайраттың анасы. 

Гүлзира ханым халық ішінде әншілерді аяқтап шалып, қит етсе өнер адамдарына ақпараттық шабуыл жасайтын хейтерлерге өкпелі. 15 жылға жуық ел алдында жүрсе де, Қайратқа да, оның анасы да қара күйе жағушылар толастар емес. Продюсер көпшілікке жан айқайын жеткізді.

"Біз де қарапайым халықпыз, жасырын емес, көздеріңізге бақшитып тұрып тауып жатқан адал нәпақамыз, шығынымыз да аз емес. Өнер жолы оңай болса, бәрі бірдей неге әнші бола салмайды екен?! Ол да болса инемен құдық қазғандай еңбек және еңбегіңе қарай, Алланың берген сыйы. Елден миллиардтап ұрлап қашқанымыз жоқ, тиісетін адамды тауып тиісу керек қой. Елдің мақтанышы болып бір азамат бас көтерсе, неге аяқтан тартуымыз керек? Иә, бұл - біздің қанымызға сіңген ауру, көреалмаушылық дерті. Қырғыздар өз өнер адамын кеше қалай жақтап алды, ал біз қазақтар ше, намыс қайда? Қашанғы бір-бірімізді күндеп, басқа елге күлкі боламыз. Қашан бізде ауызбіршілік болады?" - деп ашынды продюсер.

Айта кетейік, Маңғыстауда митингке шыққандар әнші Қайрат Нұртастың көлігін өткізбей қойған.  Көп ұзамай Қайрат жеке парақшасында пост жариялап, батыстағы ағайынды қолдайтынын айтқан.

Талқылау