Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Етек-жеңімізді жиып, шекарамызды шегендеп берген соң кет-кет деп отырғанымыз қалай?" Алтынай Жорабаева елбасыны қолдады

Алтынай Жорабаева көпшілікке үндеу жолдады. Әнші елбасыға қолдау көрсетіп, халықты сабырға шақырды. Жағымпаздықтан емес, елге шын жаным ашығаннан айтқан сөзім дейді әнші.

Бұған дейін Алтынай Жорабаева қымбатшылық жайлы айтып, президентке өтінішін жеткізген еді. Енді ел ішінде айтылған қаңқу сөздерге жол бермейік деген кеңесін жеткізді. 

“Қазір біразыңыз жақтайсыздар! Біразыңыз даттайсыздар!
Әрине, миллион адамда миллион пікір бар. Кейде біз шындық айттық екен деп, ақиқаттан алыстап кетеміз. Бәріміз пендеміз… Көзі тірісінде жаннатпен сүйіншіленіп қойған 4 халифқа да өз дәуірінде көңілі толмаушылар көп болған. Әлі де солай… Қауымы қандай, басшы сондай! Кешегі жағдай тағы да осыған көз жеткізді… Иә, халықтың талабы орынды! Оны алдыңғы посттарда жаздым. Қымбатшылық жағадан алды. Алайда басшылар ұрлады, жеді, елді тонады деп айқайлап жүрген жұрт еді… Бір мүмкіндік туып еді, жолындағысын жайпап, қолына түскенін қолтығына қысып, өз бауырын тонағандарды көрдік қой. Сонда солардың "ұры бастықтан" қандай айырмашылығы болды?” – деді әнші. 

Жорабаева шенеуніктерді ұры деп айыптаған халық мүмкіндік туғанда өзі де қолына ілінгенді алды деп кейіді. Осыдан соң кімге сенуге болады деп таңғалады.



“Иә, батпан байлықтың үстінде өмір сүріп, қарызға батып жүрген елміз.
Алайда бұдан жаман күндерден өттік емес пе? Сол кезде көш бастаған көсеміміз болмаса, бағытымызды білмей, есеңгіреп тұрған едік қой.
Етек-жеңімізді жиғызып, түндігімізді түргізіп, шекарамызды шегендеп берген соң, енді сенің керегің жоқ! Кет те кет деп отырғанымыз қалай?

Елбасы қазір ешқандай қызметте емес. Мен ешқандай жағымпазданып отырғам жоқ! Осы уақытқа дейін де билікке айтатын сынымды айтып, мақтайтын жерде мақтап жүрмін! Өзіңіз ойлап қараңызшы, балаңыз үйленіп, өз аяғына тұрды. Енді сіз бір ісіне ақыл айтайын десеңіз, шаруаң болмасын, араласпа десе… Өмірінде бір қиындық болса, жүгіріп келіп, “осының бәрі, әке, сенің кесірің, сен жаман әке болдың”, “шал, кет” десе, қалай боласыз?” –деді Жорабаева. 

Әнші елбасының атына артық ауыр сөз айтудан аулақ болуға шақырады. Керек кезінде жақсылығын көріп, керексіз кезде кеудеден итеру жақсылық емес деп қайырды. 

“Бір қателік жасады деп, мың жақсылығымызды ұмытсақ, бала әкеден, бауыр бауырдан теріс айналып, “кетші, кетке” баса берсек, не болмақ?! Біреуді жамандаса жабыла жамандап, мақтаса жабыла мақтау да дұрыс емес деп ойлаймын. Отан отбасынан басталады”, – деп жазды Алтынай ханым. 

Талқылау