Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Даниал Ахметовтің ұлының жүздеген миллион теңге жұмсаған зауыты салынбайтын болды

АхметовФото: eurasiancommission.org

Павлодарда сода зауытын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеменің күші жойылды, инвестор табылмады, жүздеген миллион теңге желге ұшты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева "Жылына 200 мың тонна кальциленген сода өндіретін зауыт құрылысы" жобасына арналған техникалық-экономикалық негіздеменің мерзімі өтіп кеткенін, оны қайта түзету, мемлекеттік сараптамадан өткізу және қоғамдық тыңдауларды қайта ұйымдастыру қажет екенін мәлімдеді.  "Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов Павлодарда зиянды әрі ешкімге қажет емес өндірісті салу идеясынан бас тартты ма?" деген сұраққа әкімнің орынбасары қаржы тарту мәселесін пысықтап жатыр деп қысқа қайырды.

Талғат Ахметовтің 1861 жылғы экологиялық тұрғыдан тиімсіз технология бойынша зауыт салуына бірнеше жыл бойы тәуелсіз экологтар, химиктер және павлодарлықтардың басым бөлігі үздіксіз қарсы шығып келді. Мамандардың айтуынша, ұсынылған сольве әдісі аймаққа тым ауыр салмақ түсіреді.Өнімнің әр тоннасына екі тонна қалдық келеді, Ертіс өзені қатты тайызданады. Әлемде суды мүлдем пайдаланбайтын заманауи әдістер әлдеқашан пайда болған, бірақ сольв ең арзан тәсіл.

Мұндай зауыттың елге қаншалықты қажет екені де түсініксіз. Ол көп жұмыс орнымен қамтымайды. Ал Жамбыл облысының Сарысу ауданында 2021 жылдың қыркүйегінде кальциленген сода өндіретін, Ахметов жоспарлаған зауыттан бес есе қуатты кәсіпорынның құрылысы басталып кеткен. Биыл сәуірде премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс нысанына келгенде өндірістің 2026 жылдың тамызында іске қосылатыны хабарланды. "Qazaq Soda" ЖШС алғашқы кезеңде жылына 500 мың тонна өнім шығармақ, өндіріс көлемі 1 млн тоннаға дейін өседі. Қазақстанның содаға жыл сайынғы сұранысы  350–400 мың тонна. Осылайша, жамбылдық зауыт ішкі сұранысты толық өтеп қана қоймай, өнімді ТМД елдеріне және Қытайға экспортқа да шығара алады. Бұдан бөлек Бектеновке өндірісте қалдық шығармайтын технологиялар қолданылатыны айтылды.

Алайда Павлодар облысын екі рет (1993–1997 және 2001–2003 жж.) басқарған Даниал Кенжетайұлының туыстарының өңірде түрлі салаларда бизнесі шоғырланғаны белгілі. Сонымен қатар ол марқұм Александр Машкевичпен ұзақ уақыт дос болғаны белгілі. Сондықтан Ахметовтің ұлының зауыты бір ғана тұтынушыға  глинозём өндіруге жылына 180 мың тонна сода пайдаланатын "Қазақстан алюминийі" зауытына керек деген сөздер айтылып келді. 

Бұрынғы әкім Болат Бақпауов тұсында "Жылына 200 мың тонна сода өндіретін зауыт құрылысының алдын ала қоршаған ортаға әсерін бағалау" жобасы бойынша қоғамдық тыңдау екі рет өткізілмей қалды. 2020 жылдың қаңтарында облыс әкімі болған Абылқайыр Сқақовтың Ахметовтер отбасымен ескі байланысы бар екені айтылып жүр. Сол жылдың мамырында ешқандай тыңдаусыз, республикалық бюджет есебінен, тіпті қағаз жүзінде бекітілген жобасы да жоқ зауытқа жасырын түрде қымбат коммуникациялар жылу желілері, кәріз, су құбыры, бу құбыры тартыла бастады. Оған 1,4 млрд теңге жұмсалған. Сондай-ақ бюджет есебінен Даниалдың ұлының зауыты үшін қосалқы станса салынып, электр желісі жүргізілді. Ал тыңдаулар тек 2021 жылғы шілдеде онлайн форматта, әкімшілік ресурс қолданылып, өтті деп танылды.

Жер ресурстарын басқару департаментінің жоспардан тыс тексеруі кезінде коммуникациялар жүргізілген екі жер телімінің (кадастр нөмірлері: 14-218-038-348 және 14-218-038-355) бас жоспарда ауыл шаруашылығы жері ретінде көрсетілгені анықталды. Бұдан бөлек, 2021 жылдың 15 ақпанында әкімдік сода зауытына арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) бір бөлігін де бергені белгілі болды, ал "Павлодар-Сода" ЖШС арнайы экономикалық аймақ қатысушысы емес. "Павлодар" арнайы экономикалық аймақты басқарушы компаниясы әкімдікке, жер қатынастары бөліміне және "Павлодар-Сода" ЖШС-не бірнеше рет әртүрлі соттарға талап-арыз бергенімен, Павлодар облысындағы бірде-бір судья оларды қараған жоқ.

Осылайша, бәрі тоқтап қалды. Павлодарлықтар да жеңілдеп қалған секілді. Тек қазынадан шыққан қаражаттың қор болғаны қынжылтады.

Айнұр Мұхади
Жұма, 14 Қараша, 2025 16:17
Талқылау