Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Даниал Ахметовтің күйеу баласы даулы іске неліктен тек куәгер ретінде шақырылды: Көлік министрі жауап берді

Коллаж: Stan.kz

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифингте Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы Абай Түрікпенбаевқа қатысты іс туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін БАҚ-та теміржолшылардың президентке жолдаған үндеулері жарияланған еді. Онда вице-президент Ерлан Қойшыбаевтың қаржылық заңбұзушылықтарға қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Аудиторлық тексеріс оның қызметінен мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам залал келтірілгенін мәлімдеген. Осыған байланысты журналист Қойшыбаевтың Түрікпенбаев ісінде куәгер ретінде қатысуы қаншалықты орынды екенін сұрады.

Сауранбаев бұл материалдардың шынымен қаралғанын айтты.

“Біз оларды тексеріп, Бас прокуратураға жолдадық. Сонымен қатар “Қазақстан темір жолы” ішінде комплаенс-қызмет жұмыс істейді. Аталған фактілер расталған жоқ”, – деді министр.

Осыдан кейін журналист Қойшыбаевтың Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің күйеу баласы екенін нақтылады.

Министр қысқа ғана: “Иә” деп жауап берді.

Туыстық байланыс арқылы Қойшыбаевқа “жеңілдік жасалды ма?” деген сұраққа Сауранбаев мұндай уәждердің жұмыста ешқашан айтылмағанын жеткізді.

“Ол елдегі мықты логистердің бірі. Қалыптасқан маман, білікті қызметкер. Бұл мәселе ешқашан талқыланған емес”, – деді министр.

Түрікпенбаев ісі туралы

Желтоқсан айында Ақтау сотында Түрікпенбаев пен тағы бірнеше адамға қатысты айып тағылғаны белгілі болды. Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бұрынғы басшысына аса ірі көлемдегі алаяқтық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған.

Сот алдында  порттың атқарушы директоры Ахмад Мұстафин және Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталған тағы екі қызметкер жауап берді.

Түрікпенбаевтың адвокаты істі тоқтатуды және бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған. Ол тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын алға тартқан. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, негізгі сот талқылауын тағайындады.

Түрікпенбаевтың ұсталғаны туралы алғаш болып саяси шолушы Ербол Еділов хабарлаған. Кейін бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Қазір экс-басшыға қатысты қызметтік өкілетті асыра пайдалану фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Ерлан Қойшыбаев кім?

Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі болып тағайындалғаннан кейін “Қазақстан темір жолы” басқарма төрағасының міндетін уақытша Ерлан Қойшыбаев атқарған. Ол компанияға 2023 жылы логистика жөніндегі төраға орынбасары қызметіне келген.

БАҚ-та 40 жастағы менеджердің Даниал Ахметовтің қызы Әделия Ахметоваға үйленгені туралы ақпарат жарияланған. Даниал Ахметов бұған дейін премьер-министр, Қорғаныс министрі қызметтерін атқарып, тоғыз жылдан аса Шығыс Қазақстан облысын басқарған.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 12:29