Damumed жүйесіне заңсыз кірген екі қазақстандық 1 миллион теңгеден аса айыппұл арқалады
Жетісу облысының екі тұрғыны денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізгені үшін сотталды. Олар медициналық қызметкерлердің тіркелгілерін иемденіп, "Тіркелген халық тізілімі" және "Damumed" жүйелеріне заңсыз кірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Биыл 30 қаңтарда Талдықорған қаласы сотының шешімімен олар Қылмыстық кодекстің 205-бабының 2-бөлігінде (Ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе телекоммуникациялар желісіне құқыққа сыйымсыз қол жеткізу) және 208-бабының 2-бөлігінде (Ақпаратты құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) қарастырылған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот жауапкерлердің әрқайсысына 300 АЕК (1 179 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салды.
"Тергеу барысында медициналық қызметкерлердің тіркелгілерін заңсыз иемдену арқылы олардың Денсаулық сақтау министрлігінің "Тіркелген халық тізілімі" және "Damumed" ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізгені анықталды", – делінген ұлттық қауіпсіздік қызметінің хабарламасында.
Редакция тілшісі істің анық-қанығын және айыпталушылардың заңбұзушылыққа не мақсатта барғанын бас прокуратурадан сұрап көрген еді. Алайда бас прокуратура жауап беруден бас тартты.
"Үкім қазір заңды күшіне енбеген. Қылмыстық іс соттың өндірісінде. Қылмыстық-процесстік кодекстің 22-бабының 2-бөлігіне сәйкес, соттың сот төрелігін іске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бір араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттан қылмыстық істі алдыруға тыйым салынады. Осылайша, Бас прокуратура тарапынан мәлімет беруге мүмкіндік жоқ екенін хабарлаймыз", – деп жауап берді бас прокуратура.
Еске салайық, бұған дейін банктер қазақстандықтардың жеке мәліметтерін сатып жібергенін жаздық. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов кейбір қазақстандық банктер өз клиенттерінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға бергені туралы ақпаратты растады.