Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлген малдың етін де қабылдайды": Астанада ірі базар саудагерлерінің кейбірі әкелген етті еш құжатсыз қабылдап келген

Базардан сатып алған етіңіз өлген мал болып шығуы мүмкін. Қанша жерден ветеринарлық құжат, рұқсат пен мөр туралы айтқанымызбен ет сатушылар ақырын ғана арасына өлген төрт-түліктің етін қосып жібереді екен. Өлген малдың етін өткіземін десеңіз бағасына келісіп, кәдімгі еттен арзандау бағаға сата аласыз. Ет сатушылар бастысы көгермеген, қараймаған болса сатып ала береді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынған скрин

Астанадағы ет қабылдайтын ең ірі базар саудагерлеріне жүргізілген тәжірибе барысында олардың өлген малдың етін құжатсыз да қабылдайтыны белгілі болды. 

Журналист ет сатушыдан “Өлген сиырдың еті бар еді, нешеден қабылдайсыздар? Бірақ құжаты жоқ” деп сұрады. Ал ет сатушының айтуынша, ол үшін құжаттың қажеті жоқ. 

"Құжаты жоқ болса да ала береді. Құжатты өздері жасап алады ғой. Түріне көру керек қой, егер ет дұрыстау болса алып, ақшаңды қолма қол санап береміз", – деді саудагер.



Сондай-ақ үйіңізде асқан етіңіз ғана емес, дастарқаныңызға халал деп қойған шұжық та арам астан болуы мүмкін. 

"Өлген мал етін қабылдайтын “Родина” деген колбаса шығаратын цех бар. Арам, арзан етті дәмханалар да қабылдап, ас дайындайды", – деді саудагерлердің бірі. 

Ал сатушылар арасында өлген мал етін қабылдамайтындар да бар болып шықты. 

"Арам малды мүлде сатпаймыз. Оны қалай сатасың, обал ғой", – деді саудагер. 

Кейбір кәсіпкерлер көлденең жолмен пайда табуды бәрінен биік қойған секілді. Базардан адал деп алған етіңіздің арам болып шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. 

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі ет қоймасы антисанитариялық жағдайда жұмыс істеп тұрғаны туралы жазған едік. Шымкент тұрғындары Аймауытов көшесіндегі қоймаларға өлген малдардың өлекселері әкелініп жатқанын айтып, мамандарға шағымданған.

Талқылау