"Cорлы еркек": Мұқағали Мақатаевты қорлаған тиктокер ақынның ескерткішіне барып, тізерлеп кешірім сұрады
TikTok желісінде Әлішер Теменов есімді жігіт Мұқағали Мақатаевты “сорлы еркек” деп атап, сынның астында қалған болатын. Елдің сынына қалғаннан кейін ол ақынның ескерткішіне барып кешірім сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Алишер Теменов есімді азаматқа қарсы наразылық туындап жатыр. Ол өзін сөйлеу техникасының репетиторы ретінде таныстырып, әлеуметтік желілер арқылы курстар сатқан. Алишер бір видеосында ақын Мұқағали Мақатаевты "сорлы еркек" деп атап, өлеңдерінде үнемі шағымданатынын айтқан.
"Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, мына адамдар неге жатыр тойламай" дейді. "Ей, сен жаман сөз) бірінші жасасаңшы туған күніңді. Сосын барамыз ғой. "Банкет жасап берер едім өзім-ақ, тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай" дейді. Құдайдың не қатысы бар? Сенің туған күніңде үстеліңнің жайылып тұрғаны құдайға байланысты ма? Өзің жаса! Еркексің ғой, не үшін отырсың мына жерде? Отаныңды қорғайсың – еркексің, әулетіңді қорғайсың – еркексің. Әйеліңді қорғайсың – еркексің. Үкіметтен "үйді қашан береді" деп күтіп отырсаң, онда сен еркек емессің", – дейді ол.
Видеосының соңында рилстарға сценарий жазу курсына жарнама жасап жіберген. Алайда бұл маркетингтік әрекет сәтсіз болып, блогер сынға ұшырады.
"Басқа пәле тілден" деген. Хайп қуып, ақша табамын деді ме екен, мына "оттап" отырған сорлыны Қарасаздың жігіттері алып кетіпті. Әйелі үйінде жан таппай отыр екен. Онлайн кешірім сұрағанына да қарамаған.
Қазір әлеуметтік желіде "парақшам өзімдікі, не айтам өзім білемін, ұнамаса жазылымды алып таста" деп қуып отыратын "данышпандар" көбейген. Оларға заң жүрмейтін сияқты. Мына шаласауатты Нарынқолдың жігіттері мертіктірмей аман жіберсе болды. Ауыз өзімдікі екен деп оттай беруге болмайтынын жақсылап ұқтырды деп ойлаймын", - деп жазды журналист Гүлбану Әниятқызы.
Оның айтқандары Мұқағали туған жері Қарасаз ауылының тұрғындарын қатты ренжітсе керек. Олар Алишерден бүкіл ауылдан жеке кешірім сұрауын талап етіп, видео жолдады.
Алишер әкесін ертіп ауылға барып, ақынның ескеркіші алдында тізерлеп кешірім сұрады.
"Қазақ елінің алдында жасап қойған үлкен бір еркелігімді аруақ кешірсін деген ниетпен дәл қазір Мұқағали атамыздың үйінің алдында тұрмын. Барша қазақ елінен жасаған үлкен қателігім үшін кешірім сұраймын", – дейді блогер Әлішер Теменов.