Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Черчесов қызметінен босатылған жағдайда оған 1 млн еуро төленеді – БАҚ

Қазақстандық журналист, комментатор Ермұхамед Мәулен Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қызметінен кетуі туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pedja Milosavljevic/DeFodi Images via Getty Images

Ермұхамед Мәулен бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Марат Омаров ресейлік маманды қызметінен босату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді. 

“Черчесовтің қызметінен кететіні туралы қауесет бар. Мен тек федерация заңгерлерінің келісімшартты зерттеп жатқаны туралы ақпарат бердім. Басшылық ауысты, жаңа адамдар келді. Олар Черчесовтің келісімшартында не жазылғанын білмейді. Олар келісімшартты қалай бұзуға болатынын немесе әрі қарай жалғастыруға болатынын қарап жатыр. Бірақ жаңа президент бас бапкері ауыстырғысы келетін секілді. Ойында не бар екенін білмеймін, бірақ Қазақстанда федерация президенті ауысса, бас бапкер де қызметінен кетеді. Меніңше, осылайша жаңа президент Черчесовті ауыстырғысы келеді”, – дейді Ермұхамед Мәулен.

Журналистің айтуынша, федерация басшылығы Қазақстан құрамасының нәтижесі мен ойын сапасына көңілі толмайды. Сондай-ақ келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін федерация Черчесовке миллион еуро төлеуі әбден мүмкін екенін атап өтті. Ермұхамед Мәулен келісімшартты өз көзімен көрмегенін айтты.



“Менің ойымша, Черчесов 15 қаңтарға қарай жұмыстан босатылуы мүмкін. Жаңа президент аудит пен тексеру жүргізіп жатыр. 10 қаңтарға дейін түбегейлі шешім қабылдайды. Көптеген қызметкерлер жұмыстан босатылуы мүмкін, содан кейін оның командасы келеді, бірақ бұл – қалыпты жағдай. Черчесовтың қалу мүмкіндігін 50/50 деп бағалаймын. Егер жаңа президент пен оның айналасындағылардың ойы басқа болса, сәйкесінше басқа шешім қабылданады”, – дейді журналист. 

Ермұхамет Мәулен қазір президенттің жаңа бапкер іздеп жатқаны туралы қауесет барын айтып қалды.

Еске салайық, Черчесов 2024 жылдың шілде айында Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді. Бұған дейін футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілін үйренуі екіталай екенін, алайда қажет сөздерді білетінін айтты. Алайда ол баспасөз конференциясы кезінде журналистердің қазақ тіліне байланысты қойған сұрағына кідіріп қалды. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке қазақша сұрақ қойған журналисті мазақ еткені үшін 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл салынды. Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов "Черчесовтің әзілдері кейде шектен шығып кетеді. Мемлекеттік тілдің маңызын түсіндіріп, онымен жеке сөйлестік. Айыппұл салынды" деп мәлімдеді. Бұдан бөлек ол журналистің қазақ тіліндегі сұрағына "сен французша сөйлеп тұрсың ба?" деп әзілдеген еді.

Талқылау