Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Чемпион болғанда демалатын едім": Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасы туралы айтып берді

Бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай алдағы жоспарлары мен Олимпиада ойындарының қалай өткені туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Sports.kz

Спортшы бұл туралы “Түнгі Студия” бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.

“Бұдан да үлкен жеңіске жетем деп ойлаймын. Күмісті келесі олимпиада ойындарында алтын қылғым келеді. Лос-Анджелесте 2028 жылы жеңіске жетемін деп ойлаймын. Дайындықты жақында бастаймын. Чемпион болғанда демалатын едім. Күміс болған соң еңбектену қажет. Қателер көп болды. Үшінші раундта жетпей қалды. Қарсыласым да осал емес. Оған алтын бұйырып тұр екен”, – дейді Нұрбек Оралбай.

Нұрбек Олимпиадада Геннадий Головкиннен алған қолдауын айтты.

“Гена ағамыз “Күмісті мен де алғанмын. Осымен тоқтама” деп айтты. Жанкүйерлердің қолдауы сезілді. Қазақ елін қуантқым келді, алтын аламын деп ойладым. Ұту үшін қолымнан келгенінің барлығын жасадым. Демек бұйырғаны осы болды. Әлі жаспын бір емес, бірнеше олимпиадаға қатысу мүмкіндігім бар”, – дейді Нұрбек Оралбай.

Сонымен қатар спортшы егізінің жеңілісі туралы айтты.

“Айбек өкінішке орай жеңіліп қалды. Қарсыласынан емес, төрешілерден жеңіліп қалды”, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Нұрбек Оралбай финалда украиналық қарсыласын ұтылып, күміс медальге ие болған еді. Осыдан бір күн бұрын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға Land Rover Defender көлігінің кілтін табыс еткен. 

Талқылау