Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Челахты соттаған Жамбыл облысының судьясы қызметінен кетті

Фото: askeri.sud.kz

Жоғарғы сот кеңесі Жоғарғы сот төрағасының кадрлық өзгерістер туралы ұсынысын қарап, отырыс қорытындысы бойынша Ербол Ахметжановты Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы қызметінен босатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ербол Ахметжанов Жамбыл облыстық сотын 2020 жылдың 27 ақпаннан бері басқарып келді. Бұған дейін ол Алматы гарнизонының әскери сотында судья болып, кейін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың судьясы әрі төрағасы қызметін атқарған. Сондай-ақ Қазақстанның Әскери сотында азаматтық істер жөніндегі алқаны басқарды.

Көпшілік Ербол Ахметжановты Владислав Челах ісі арқылы біледі. Ол 2012 жылы желтоқсан күні Талдықорғанда Челахты “Арқанкерген” шекара бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырған еді.

Ербол Ахметжанов 90-жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, мамандығы – заңгер. Ол еңбек жолын Алматы гарнизонының әскери сотының судьясы ретінде бастап, кейін Әскери соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасына дейін көтерілген. 2020 жылы Жамбыл облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Былтыр Таразда Ахметжанов 60 жас мерейтойын атап өтіп, жоғары лауазымды шенеуніктерді шақырған еді. Шенеуніктер “Бақсарай” мейрамханасына қызметтік көліктермен келген еді. Қызығы, кейбір қонақтар шараға қызметтік көлікпен келген. Ғимарат маңынан басқа ведомстволарға тиесілі 945 және 008 мемлекеттік нөмірлі көліктер байқалды. Олардың ішінде Жамбыл аудандық сотының төрағасы Айгүл Шымырова да бар.

Еске салайық, қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану заңда тыйым салынған. Бұл – мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексін бұзу болып саналады. Ахметжановтың өзі бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 14:24