Әлеуметтік желілерге тыйым салынуы, премьердің отставкасы: Непалда "Z ұрпақ" не себепті үкіметті құлатты
Фото: Narendra Shrestha / EPA
Непалда Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube және басқа да әлеуметтік желілер бұғатталып, халық жаппай көтеріліске шықты. Олардың басым бөлігі жастар болды. Сол себепті бұл наразылық "Z ұрпақ төңкерісі" деп аталды. Дегенмен сарапшылар бқл төңкеріске әлеуметтік желілердің бұғатталуы ғана емес, елдегі жемқорлықтың өршуі себеп болды дейді.
Бәрі неден басталды?
Қыркүйек айының басында Непал премьер-министрі Кхадга Прасад Шарма Оли Қытайдың Тяньцзинь қаласына барып келді. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында ұйымға мүше мемлекеттермен, соның ішінде Си Цзиньпин (30 тамыз) және Ресей президенті Владимир Путинмен (1 қыркүйек) кездесті.
Саммиттің күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі "халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту" болды. Ал 4 қыркүйекте Непал үкіметі бірқатар әлеуметтік желілер мен басқа да веб-сайттарды, соның ішінде YouTube, X, Reddit, LinkedIn, WhatsApp, Facebook, Instagram-ды байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігінің жаңа ережелері бойынша тіркелмегені үшін бұғаттау туралы бұйрық берді. Үкімет мәліметінше, желіде кей адамдар жалған парақша ашып алып, ел арасында өсек таратып, киберқылмыс жасап, қоғамдық келісімді бұзып жатыр. Дегенмен Facebook, WhatsApp және Instagram-ның иесі Meta компаниясы Непал үкіметінің бұл сұранысына бірден үн қатпады. Сондықтан ел билігі әлеуметтік желілерге өздігінен шектеу қоятынын жеткізді.
"Біз оларға тіркелуге жеткілікті уақыт бердік, бірнеше рет сұрадық. Бірақ олар елемеді, сондықтан біз олардың Непалдағы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болдық", – деді байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Притхви Субба Гурунг.
Сыншылардың айтуынша, мұндай шаралар пікір білдіру еркіндігін шектейді. Дегенмен реттеуші органдар пайдаланушыларды қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін желіге тыйым салу керек деп есептеді.
"Әлеуметтік желілер заң жүзінде бақылауда болуы тиіс. Тәртіпке бағынуы керек. Бірақ оларды мүлдем жауып тастауға болмайды", – деді Ұлттық тәуелсіз партия өкілі Маниш Джа.
Сыншылардың сөзінше, желіні бұғаттауға әлеуметтік желіде тараған ақпарат себеп болды, яғни әлеуметтік желілерде "шенеуніктердің туыстары заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтарды иеленіп отыр" деген әңгімелер тарады. Сол себепті қоғамда наразылық күшейіп, әсіресе Z ұрпағы ерекше белсенділік танытып, көшеге шықты. 5 қыркүйекте елде жаппай шеру басталды. Наразылық акциясын ұйымдастырушылар оларды "Z ұрпақ наразылығы" деп атады. Көптеген белсенді көшеге "Әлеуметтік желілерге емес, сыбайлас жемқорлыққа тыйым салу", "Әлеуметтік желілерді бұғаттаудан шығару талап етеміз", "Жастар жемқорлыққа қарсы" деген ұрандар жазылған плакатпен шықты.
Фото: newsbytesapp.com
Халықтың езгісіне ұшыраған шенеуніктер...
9 қыркүйекте Непалда жағдай шиеленісіп наразылық білдірушілер премьер-министр Шарма Олидің резиденциясын өртеп жіберді. Осы жағдайдан кейін ол отставкаға кетті. Ал үкімет мүшелері әскери тікұшақтармен эвакуацияланды. Олардың үйлері де өртке оранып, оппозициялық Ұлттық-демократиялық партияның барлық мүшелері отставкаға кеткен.
Наразылыққа шыққандар премьер-министр Шарма Олидің үйіне баса көктеп кірген. Сосын премьер мен оның жұбайы әрі елдің сыртқы істер министрі Арзу Рана Деубаны соққыға жыққан.
Cондай-ақ наразылық білдірушілер мұнымен қоймай, бұрынғы премьер-министр, 75 жастағы Джал Натх Ханалдың резиденциясына шабуыл жасаған. Ал әйелі Раджялакшми Читракар іште болған кезде оны өртеп жіберген. Әйел ауыр күйік жарақатын алған. Өрт қоймас бұрын ереуілшілер әйелді қатты соққыға жыққан. Өртеніп жатқан үйден алып шыққанда оның жағдайы тым ауыр болыпты. Осылайша әйел ауруханада көз жұмған.
Наразылық барысында басқа да үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасалды. Наразылық білдірушілер Непал президентінің кеңсесі орналасқан Шитал Нивас сарайын, парламент ғимараты мен Жоғарғы сотты өртеп жіберді. Сондай-ақ "Z ұрпағы наразылықтарына" қатысушылар елдің қаржы министрі Бишну Прасад Пауделдің ішкиіміне дейін шешіп, мотоцикл дулығасын басына кигізіп өзен ішімен қуалады. Шенеунік наразылық білдірушілердің құрығына күндіз түскен. Алдымен олар министрді ұрып-соғып, сосын жол бойымен сүйреп апарған. Кейін ол босап шығып, өзенге секірген. Дегенмен ол жерде де құтылып кете алмады.
Екі күн ішінде тәртіпсіздік және полициямен қақтығыс салдарынан 22 наразылық білдіруші қаза тауып, 400-ден астам адам жараланды. Үкімет әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы шешімінен бас тартты. Премьер-министр Шарма Оли отставкаға кетті, бірақ бұл наразылықтарды тоқтата алмады. 9 қыркүйекте президент Рам Шандр Пауделдің отставкаға кеткені туралы хабар шықты. Бірақ президент кеңсесі мұны жоққа шығарды.
India Today және Katmandu Post басылымдары үкімет қызметкерлерін әскери тікұшақтармен эвакуациялау басталғанын хабарлады.
Жастар қозғалысы Gen-Z ауқымды саяси реформаларға шақырған декларация жариялады.
Құжатта бұл күрес елдің болашағы үшін жүргізіліп жатқаны, оның ешбір партияның немесе жеке саясаткердің мүддесіне байланысты еместігі ерекше атап өтілген.
Декларацияға сәйкес, наразылық білдірушілер қазіргі өкілдер палатасын дереу таратып, Конституцияға азаматтар мен жастардың қатысуымен түзетулер енгізуді немесе оны қайта қарауды талап етті. Сондай-ақ, олар өтпелі кезеңнен кейін жаңа әрі әділ сайлау өткізіп, атқарушы билікті тікелей дауыс беру арқылы қалыптастыруды көздейді.
Белсенділердің алғашқы қадамдар қатарында соңғы 30 жылда заңсыз жолмен алынған мүлікті тексеру және мемлекет меншігіне қайтару, білім беру, денсаулық сақтау, сот жүйесі, қауіпсіздік пен коммуникация салаларын реформалау бар.
Әлемдік БАҚ “Z ұрпақ наразылығына” қатысты не дейді?
Nikkei (Токио, Жапония)
Наразылыққа шыққандардың басым бөлігі мектеп формасындағы жастар болды. Олар коррупцияға қарсы шара қабылдауды және әлеуметтік желілерге салынған тыйымды алып тастауды талап етті. Ақырында бұл тыйым жойылды. Бұған дейін TikTok пен Viber-ден басқа 26 платформа бұғатталған еді. Көптеген қолданушы шектеуді айналып өту үшін VPN-ға көшкен.
"Елдегі саяси партиялар легитимділігін жоғалтты. Егер олар бірлесіп әрекет етпесе, елдің үмітін ақтай алмайды. Қазір олардың беделі ең төменгі деңгейде тұр", — деді басылым.
The New York Times (Нью-Йорк, АҚШ)
Непалдағы наразылыққа бай балаларының сән-салтанатта өмір сүруі себеп. Наразылық басталмай тұрып-ақ әлеуметтік желілерде саясаткерлердің балаларының қымбат үйлерде, сәнді киімдер киіп, люкс өмір сүріп жатқаны көрсетілген суреттер тарады. Оларға #nepokids (элита балалары) хэштегі қойылды. Бұл жастардың биліктегі ата-анасы арқылы байып отырғанын меңзеді.
Непал халқы оларды сынға алып, шынайы өмірден алшақ қалған деп атады. Елде әр төртінші адам кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқанын ескерсек, мұндай көрсетілімдер қоғамдағы теңсіздікті ерекше айқындап берді. Халық үшін желідегі бұл фотолар өсіп келе жатқан коррупцияның символына айналды. Көпшіліктің пікірінше, бұл қоғамдағы теңсіздікті тереңдетіп, шенеуніктер мен олардың туыстарын байытқан жүйенің көрінісі.
Әлеуметтік желілердегі #nepokids тренді TikTok пен X-та кеңінен тарады. Онда элита балаларының шетелде демалып, қымбат киімдер киген видеолары қарапайым халықтың күнделікті тұрмысын көрсететін кадрлармен салыстырылып, қоғамның ашу-ызасын күшейтті.
The Daily Star (Дакка, Бангладеш)
Жылдар бойы жұмыссыздыққа көңілі толмаған непалдықтар жаппай Таяу Шығысқа, Оңтүстік Кореяға және Малайзияға кетіп жатыр. Олар негізінен құрылыс алаңдарында еңбек етіп, табысын елге жіберіп отырады.
Белсенділер мен сарапшылардың айтуынша, көтеріліске "халқы кедей елде шенеунік балаларының сән-салтанатқа бөленіп" өмір сүруі себеп. Бұл қоғамдағы теңсіздіктің айқын көрінісіне айналды.
The Indian Express (Ноида, Үндістан)
Непалда көтеріліс күннен-күнге өршіп жатыр. Ел ішінде тұтас бір буын көтеріліске шықса, әр ай сайын ондаған мың жас шетелге кетіп жатыр. Осы екі құбылыс жаппай наразылыққа себеп болды. Бұл елдегі басқару дағдарысын ғана емес, өмір сүру деңгейінің төмендегенін білдіреді.
Үндістан бұл жағдайдың салдарын тез әрі айқын сезінеді. Өйткені Непалда болып жатқан оқиғалар тек сол елмен шектелмейді. Олар ашық шекаралар, ортақ өзендер мен терең мәдени байланыстар арқылы Үндістанға да жетеді.
Енді сұрақ Нью-Дели бұл жағдайға ақылмен жауап бере ала ма, әлде тек эмоциямен әрекет ете ме? Тарихтан сабақ алып, қателіктерді қайталамау симпатияны антипатияға айналдырып алмаудың жалғыз жолы.
Коллаж: Stan.kz
“Кез келген революцияны көбіне жастар жасайды”
Қазақстандық саясаттанушы Асхат Қасенғалидың айтуынша, жастардың наразылыққа шығуына мемлекеттегі жемқорлық, жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың тым нашар болуы себеп.
"Непалдағы көтерілістің басты себебі әлеуметтік желіні бұғаттау емес, себеп басқа. Әлеуметтік желінің бұғатталуы бар болғаны наразылыққа катализатор еді. Жастардың жаппай көшеге шығуына шынайы себеп – мемлекеттегі жемқорлық, жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың тым нашар болуы. Непалдағы әр төртінші жас жұмыссыз”, – дейді саясаттанушы.
Асхат Қасенғали наразылықтың "Z ұрпақ төңкерісі” деп аталу себебін де түсіндірді.
“Әрине, көтерілісті "Z ұрпақтың" бұлқынысы ретінде сипаттап жатқандар бар. Біріншіден, 90-шы жылдары өмірге келіп, толық цифрлық кеңістікте тәрбиеленген жастар өсіп шықты. Олардың өмірі қаласын-қаламасын цифрлық әлеммен байланысты. Екіншіден, кез келген революцияны көбіне жастар жасайды. Ағылшындарда "жастық шағында либерал болмағанның жүрегі жоқ, егде жаста консерватор болмағанның ақылы жоқ" деген сөз бар. Сондықтан, наразылық, бұлқыныс пен көтеріліс арасында жастардың көп болуы таңғаларлық жайт емес", – дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ саясаттанушы "егер Қазақстанда да дәл осылай желілер бұғатталса жастар наразылыққа шығуы мүмкін бе" деген сауалымызға жауап берді.
"Ал Қазақстанда әлеуметтік желілер бұғатталады деп ойламаймын. Бұл бізді дамудан кешеуілдететін еді. Себебі әлеуметтік желі тек ойын-күлкі емес, ол сонымен бірге мықты идея ошағы, даму алаңы да. Ал егер алда-жалда әлеуметтік желілер толық бұғатталып жатса, ендеше біз білімді жастардың бір шоғырын жоғалтып алуымыз мүмкін. Әсіресе Айти саласындағы мамандарды. Ресейде желілерді бақылауға ала бастаған сәтте, жүздеген мың маман басқа елге кетті. Міне, осындай сценарий қайталануы ықтимал. Сол үшін бұл үлкен қателік болар еді", – деді саясаттанушы.
Непалда қазіргі жағдай қандай?
Непал қарулы күштері жағдайды әрі қарай ушықтырмас үшін қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. Әскерилер ел тұрғындарын "сабыр сақтауға, бірлікті жоғалтпауға және жағдайды қиындатпауға" шақырды. Сондай-ақ олар тонау мен күш қолдану әрекеттері қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылатынын ескертті.
10 қыркүйек күні Катмандуда өртенген мемлекеттік мекемелердің түтіні әлі кетпеген. Қалада әскери патрульдер жүр, ал көшелерде өртенген көліктер әлі де көп. Әскер Непал астанасына 9 қыркүйек күні кешке кірді. Кейінірек билік тонауға қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен 26 адамды ұстағанын хабарлады.
Айта кетейік, Непал – 30 миллион халқы бар Гималай елі. Бұл ел саяси өмірінің құбылмалылығымен танымал. 2008 жылы мемлекетте 239 жылдық монархия жойылды. Осыдан кейін елде оннан астам үкімет ауысты.
Алайда соңғы аптада елдің 13 пен 28 жас аралығындағы жастары бастаған наразылықтар соңғы онжылдықтардағы ең ірі толқуларға айналып, үкіметті тағы да саяси дағдарысқа тіреді.
Еске салайық, бұған дейін Непалда халық әлеуметтік желілердің бұғатталуы мен елді жайлаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай наразылыққа шығып, премьер-министр Шарма Олидің резиденциясын өртеп жіберген еді. Оқиғадан соң премьер-министр отставкаға кеткенін мәлімдеді.
Отставкаға кеткендер арасында елдің ішкі істер министрі Рамеш Лекхак, ауыл шаруашылығы министрі Рамнатх Адхикари, жастар және спорт министрі Теджу Лал Чаудхари, сондай-ақ су ресурстары министрі Прадип Ядав бар.
Сондай-ақ Непал әскері саяси басшылық жоқ кезде елдегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді.
Әскерилердің мәлімдемесінде "ұлттық тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты, ұлттық бірлікті және непал халқының қауіпсіздігін қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерін толық орындайтындары" айтылған.

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады
