"5 үй, 4 көлік, Cartier, Rolex: Қайырымдылық қорынан ақша жымқырды деп күдікке ілінген Перизат Қайраттың тәркіленген дүние-мүлкі көрсетілді
Cу тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген ерікті Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі, автокөліктері мен дүние-мүлкі тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қаржы мониторингі агенттігі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінген Перизат Қайратқа қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Соттың санкциясына сәйкес, Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" (тұрақ орындарын қоса алғанда), "Sensata Plaza" ТК, сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлкі, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері бұғатталды.
Фото: Видеодан скрин
“Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және тағы басқа танымал әлемдік брендтерден киім, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді”, – делінген хабарламада.
Фото: Видеодан скрин
Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылады. Сот тәркіленген заттар бойынша анықтайды.
Фото: Видеодан скрин
Еске салайық, бұған дейін ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінгенін жаздық. Ведомство оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын алға тартты. Ол Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырған. Осылайша Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынды.