Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

285 миллиардқа жуық шығын: БЖЗҚ қазақстандықтардың зейнетақы жинағы неліктен шығынға ұшырағанын түсіндірді

2025 жылдың қаңтарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшылары инвестициялық қызмет кезінде сондай-ақ валюта бағамының тұрақсыздығы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 284,86 миллиард теңге жоғалтты. Осыған байланысты қор зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша шолуында инвестициялық кірістің неліктен төмендеп кеткенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Мәліметтерге сенсек, бұл теріс көрсеткіш шетел валюталары бағамының құбылмалылығына және қор инвестиция салған қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты пайда болған.

"Негізгі себептер – теңгенің долларға қатысты 525,11-ден 518,14 теңгеге дейін нығаюына байланысты валюталық қайта бағалау. Сонымен бірге қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарының нарықтық құнының төмендеуі болып отыр. Бұл олардың табыстылығының орта есеппен 40 базистік пунктке өсуіне байланысты. Шетелдік нарықтарда сатып алынған активтердің нарықтық құны да төмендеді", – делінген хабарламада.

Қаңтар айындағы нарықтағы құбылмалылық АҚШ президенті Трамптың тарифтер енгізу туралы қауіптері мен еңбек нарығының тұрақтылығына байланысты болды.

Бұған қарамастан кейінгі 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің салымшылар (алушылар) шоттарына бөлінген табыстылығы 15,66%-ға жетті. Бұл көрсеткіш инфляция деңгейінен (8,90%) жоғары.

"Биыл қаңтарда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың (алушылар) зейнетақы активіндегі шотына бөлінген табыстылығы (-)1,25 пайыз болды", – делінген қор жауабында.

Жалпы, Ұлттық банк сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22 триллион 282,04 миллиард теңгеге шамалас. Портфельдің негізгі бөлігін Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары алып отыр. Мұның қаңтардағы үлесі 41,40% көрсетті.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның зейнетақы қоры 284,9 миллиард теңге шығынға ұшырағанын жазған едік. Мұндай жағдай 2024 жылдың сәуір айынан бері болмаған. Негізгі себеп — қаржы нарықтарындағы сәтсіздіктер. Бағалы қағаздардың қайта бағалануы 252,1 миллиард теңге жоғалтуға әкелсе, сыртқы басқарушылардың жұмысы қосымша 120,2 миллиард теңге шығын әкелген. DataHub сарапшылары мұны әлемдегі тұрақсыздықпен байланыстырады. Бұған Дональд Трамптың жаңа тарифтер енгіземін деп қорқытуы, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі төмендеуі, нарықтың күрт өзгеріске ұшырауы себеп болған дейді мамандар. Бұған қоса, теңге бағамы күтпеген жерден нығайып, қор тағы 52,9 миллиард теңге жоғалтты.  

Талқылау