Дауыс есептеу кезінде қандай бюллетень жарамды немесе жарамсыз деп танылады

Орталық сайлау комиссиясы қандай жағдайда бюллетеньдер жарамсыз деп танылатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов мәліметінше, бұл рәсім заңның 28-бабымен реттеледі. Қорытынды шығару кезінде бюллетеньдер мына жағдайларда жарамсыз деп танылады:
- Біріншіден, белгі қойылмаған бюллетеньдер;
- Екіншіден, референдумға қойылған сұрақ бойынша жауап нұсқаларының ешқайсысы белгіленбеген бюллетеньдер;
- Үшіншіден, белгі қарындашпен қойылған бюллетеньдер;
- Төртіншіден, өшіру, тазарту немесе өзге де қолдан түзету белгілері бар, яғни сайлаушының нақты ерік-жігерін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер.
Сонымен қатар Өтемісов бюллетеньдер қандай жағдайда жарамды деп танылатынын және дауыс санау кезінде ол неліктен есепке алынбайтынын түсіндірді.
“Бұл үшін заңнамада арнайы норма қарастырылған. Барлық жауап нұсқасы белгіленген бюллетеньдер жарамды деп танылса да есепке алынбайды. Егер бюллетеньде әрі "қолдаймын", әрі "қарсымын" деген жауаптарға белгі қойылса, ол жарамды деп саналады. Бірақ дауыс санау кезінде есепке алынбайды”, – деді Әбдіров.
Сонымен қатар Өтемісов бюллетеньде бөтен белгілерді қоюға рұқсат берілген бе, деген сауалға жауап берді.
“Заңда белгі қою қажет екені көрсетілген. Әдетте біздің халық қанат белгісін қояды. Бұл менің тәжірибемде жиі кездеседі. Бірақ галочканың орнына басқа белгі қойылып, сайлаушының еркі анық көрінсе, қажет болған жағдайда мәселе комиссияның қарауына шығарылады. Соның негізінде шешім қабылданады”, – деді Өтемісов.
Өтемісов бюллетеньді бағалаудағы негізгі фактор сайлаушының таңдауын нақты анықтау мүмкіндігі екенін айтты.
Мән-жай
15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды.
Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.
“2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды”, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды.
“Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын”, – деді мемлекет басшысы.
Ал 17 наурыз күні референдумның соңғы нәтижесі жарияланып, Жаңа Конституцияға қазақстандықтардың 87,15%-ы дауыс бергені анықталды.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев