"Бюджеттегі 189 миллион теңгені негізсіз пайдаланған": Жетісу облысында аудан әкімінің орынбасары сотталды

Жетісу облысында қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланған Алакөл ауданы әкімінің орынбасары 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу барысында Алакөл ауданына қарасты Арқарлы ауылында электр желілерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары кезінде лауазымды тұлғаның заңсыз әрекетке барғаны анықталды. Аудан әкімінің орынбасары іс жүзінде орындалмаған жұмыстар туралы жалған актілерге қол қойып, соның салдарынан бюджет қаражатынан 189 миллион теңгеден астам сома негізсіз аударылған.
Мемлекеттік айыптау Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы (Ауыр салдарға әкеп соққан қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану) фактісі бойынша сотта толық дәлелденді.
Алакөл аудандық сотының үкімімен аудан әкімінің орынбасары мүлкі тәркіленбей, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан айырылды.
Қадағалау органы қабылданған шаралар арқылы заң алдында лауазымына қарамастан барлығының тең екенін көрсетті. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Батыс Қазақстан облысында шекара арқылы тауарды заңсыз әкелу фактісін анықтады. Тергеу аясында мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысы пара алғаны үшін күдікке ілініп, сот санкциясымен қамауға алынды.