"Қазақстанға келгеніне небәрі 4-ақ жыл": Бұрынғы министр Қанат Шарлапаев туралы не белгілі және ол "Атамекенде" бизнесті қорғай ала ма

Биыл 23 қаңтарда "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жаңа басшысы, дәлірек айтқанда, президиум төрағасы болып Қанат Шарлапаев тағайындалды. Ол дәл сол күні Астанада өткен кәсіпкерлер палатасының съезінде сайланды. Ресми мәліметке сай, бұл шешім съезд делегаттарының көпшілік даусымен қабылданған.
Еске салайық, бұған дейін бұл қызметті 4 жыл бойы Райымбек Баталов атқарған.
Экономист Айдар Алибаевтың айтуынша, Шарлапаевтың бұл лауазымға келуінің шын себептері әзірге беймәлім. Дегенмен кейбір сарапшылар мен бақылаушылар оның басқарушылық тәжірибесіне назар аударып отыр.
Алайда экономистің өзі Қанат Шарлапаев 2022 жылдың ақпанында Қазақстанға кенеттен, қайдан келгені белгісіз екеніне таңданады. Сол кезде БАҚ-та оның қос, тіпті үш азаматтығы бар екені кеңінен талқыланған. Ашық дереккөздерде оның Ресей Федерациясының Саратов облысында дүниеге келгені және Ресей паспорты болғаны көрсетіледі. Сонымен қатар көп жыл халықаралық бизнесте жұмыс істеп, алған Ұлыбритания паспорты да болған. 2022 жылдың соңында Шарлапаев Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.
Кейінірек баспасөзде Шарлапаевтың Ресей мен Ұлыбритания азаматтықтарынан бас тартып, Қазақстанның көк төлқұжатын алғаны туралы ақпарат тарады.
"Бас айналдырарлық мансап"
Өз мансабын ол 22 жасында банк секторында бастаған. Ал 25 жасында "Сити" инвестициялық банкіне (Ұлыбритания, Чехия) жұмысқа орналасып, қызметтік саты арқылы банктың бас қаржы директоры лауазымына дейін көтерілген.
Оның Қазақстандағы мансабы бірден басшылық қызметтерден басталды. Шамамен бір жарым жыл бойы ол бизнесті қаржылай әрі құралдармен қолдайтын "Бәйтерек" ұлттық холдингін басқарды. 2023 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың ақпанына дейін (1,5 жыл) Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі болды. Ал 2025 жылдың ақпанынан қыркүйегіне дейін (жарты жыл) Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарды. 2025 жылдың 15 сәуірінен бастап Қанат Шарлапаев "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды.
Мұндай мансап тәжірибелі экономист Айдар Алибаевты таңғалдырмай қоймады.
“Тәуелсіздік жылдары ең жоғары лауазымдарда сан алуан өмірбаяны бар түрлі адамдар болды. Алайда "кенеттен пайда болып", бірден "Бәйтерекке" басшылыққа келіп, одан кейін министр, ал Президенттің көмекшісі қызметінен соң "Атамекен" ҰКП төрағасына айналған мұндай жағдайды мен басқа ешкімнен көрмеппін. Оның бұрынғы еңбектері жұртқа аса белгілі емес. Әрі іс жүзінде шетелдікке жақын адам бизнестің мүддесін қорғауға тиіс "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасын қалай басқаратыны да түсініксіз. Себебі Қазақстанда өте күрделі жағдайда жұмыс істеп тұрған бизнестің мүддесін қорғау үшін сол жағдайлардың барлығын терең білу қажет”, – дейді экономист.
Сарапшының пікірінше, елімізде қолайлы бизнес-климаттың жоқтығы, бизнестің дамуын ынталандырмайтын, керісінше кедергі келтіретін салықтар, өмірдің барлық дерлік саласын жайлаған жемқорлық, бизнестің жұмысына, еркін тыныстауына мүмкіндік бермейтін тосқауылдар мен реттеулер бар. Оның айтуынша, осының барлығын өте жақсы түсіну керек.
“Ал көріп жүргеніміздей тіпті жергілікті кадрлардың өзі бизнесті қолдау мәселелерін шеше алмай жатады. Ендеше, Қазақстандағы өмір мен бизнестің ерекшеліктерін жете білмейтін шетелдік бұл өзекті мәселелер мен проблемаларды тиімді түрде шеше ала ма?”, – дейді ол.
Шарлапаевты таңдауға негіз болған ресми түрде айтылған себептер мен уәждердің қатарында оның экономика, мемлекеттік басқару және қаржы салаларындағы ауқымды басқарушылық тәжірибесі аталады. Айдар Алибаевтың айтуынша, бұл фактор Шарлапаевты бизнестің мүдделерін қорғап, жеткізе алатын, ірі бизнес пен мемлекеттік институттар арасындағы тиімді диалогты жолға қоя алатын, "Атамекеннің" экономикалық саясаттағы және бизнестің өмірі мен қызметін реттейтін салық, инвестициялық климат, реттеуші тосқауылдар секілді мәселелердегі рөлін күшейте алатын тұлға ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Алайда, оның айтуынша, бір "бірақ" бар.
“Елде небәрі 4 жыл ғана тұрған адам осы мәселелердің барлығын шеше ала ма? Жай ғана шешу емес, оларды тиімді түрде шешуге қауқарлы ма?”, – дейді экономист.
Экономист мұны "бір баррикададан екіншісіне өту" деп бағалайды. Өйткені Шарлапаев кеше ғана министр бола отырып бизнестің алдына кедергілер қойған. Соның бір айқын мысалы – утильалым. Ал енді ол өзі және министрлер кабинетіндегі әріптестері бизнеске қарсы тұрғызған кедергілерді реттеуге, алып тастауға мәжбүр болады. Тіпті "Атамекен" палатасы айналысуға тиіс мүдделер мен мәселелерді жай ғана тізіп шығудың өзі оларға күрделі әрі тиімді шешім қабылдау қиын болатынын көрсетеді, – деп түйіндеді ол.
Өзімен күреспек
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің мүддесін қорғауға міндетті. Сонымен қатар заңдар мен заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға, нормативтік құжаттар жобаларына қорытынды беруге, кәсіпкерлердің ұстанымын үкімет пен әкімдіктер алдында қорғауға тиіс.
Экономист Айдар Алибаевтың айтуынша, Шарлапаевқа кеше ғана бірге жұмыс істеген әріптестерімен "сүзісуге" тура келеді. Себебі кәсіпкерлерді қорғай отырып, ол бизнестің мемлекеттік органдарға қатысты шағымдарын қарауға, салық органдарымен, кеденмен, әкімдіктермен және министрліктермен дауларға қатысуға міндетті болады. Өзі индустрия министрі болған кезде кедергі келтірген сол қолайлы бизнес-климат үшін күресуге тура келеді. Әкімшілік тосқауылдарды анықтап, өзі жасаған немесе жасауға қатысқан сансыз көп реттеу мен қажетсіз ережелерді алып тастауы керек болады. Бұрын өзі қарсы болғанның барлығын енді өзі жасауы тиіс. Сарапшының айтуынша, мұндай диссонанс кәсіпкерлер арасында көп сұрақ туындатады.
“Ал енді оған сенуге бола ма? "Атамекен" ҰКП басшысы лауазымына келіп, ол қазақстандық бизнесті барлық проблемасымен бірге шынайы әрі еш жалтақтамай қорғай ала ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін Шарлапаевтың индустрия министрі болған кезеңін және утильалым мәселесіне көзқарасын еске алу керек. Себебі утильалым қазірдің өзінде қазақстандық бизнестің мойнына ілінген ауыр жүк болып отыр”, – дейді маман.
Оның айтуынша, Шарлапаев утильалымды "халыққа салынатын салық" ретінде емес, өнеркәсіптік саясаттың құралы ретінде қарастырған. Оның негізгі уәжі – "утильалым болмаса, қазақстандық автокөлік құрастыру кәсіпорындары арзан импортпен бәсекеге төтеп бере алмайды".
“Ол утильалымды кедендік және өнеркәсіптік қорғаудың бір түрі, яғни "қазақстандық автокөлік өнеркәсібі" деп аталатын саланы қорғау құралы ретінде қарастырды. Алайда мұндай автокөлік өнеркәсібі Қазақстанда әлі жоқ. Ал біздің шенеуніктер, соның ішінде министр Шарлапаев та “қазақстандық автопром” деп атаған нәрсе іс жүзінде автокөлік өнеркәсібі емес, ол шетелдік автомобильдерді ірі торапта құрастырумен ғана айналысатын өндіріс. Бұл көліктер Қазақстанға жай ғана бөлшектелген күйінде жеткізіледі”, – дейді ол.
Утильалымға қатысты ұстаным: баж ба әлде кедергі ме?
Айдар Алибаевтың айтуынша, Шарлапаевтың өзі утильалымды баж салығы ретінде, яғни "қазақстандық автопром" деп аталатын саланы қорғауға қызмет ететін кедергі ретінде түсінген. Сарапшының айтуынша, министр утильалымның баж емес екенін, көлемі өте үлкен төлем екенін не түсінбеген немесе түсінгісі келмеген. Бұл төлем жаңа автокөлік сатып алушылардан 20–25 жылдан кейін ғана жүзеге асатын утилизациясы үшін алдын ала алынады.
Экономист бұл утилизацияның мүлде болмауы да мүмкін екенін айтып отыр. Алибаев "егер автокөлік иесі бірнеше жыл пайдаланғаннан кейін көлігін Ресей немесе Қырғызстан азаматына сатып жіберсе, онда ол утильалымды не үшін төледі?" деген сұрақ қояды. Басқаша айтқанда Шарлапаев утильалымды қорғағанда "соңына дейін тұрып алды", ол қарапайым азаматтардың қалтасына қаншалықты ауыр соққы болатынын түсінгісі келмеді. Оның пікірінше:
“Утильалым Қазақстандағы автокөліктердің бағасын күрт қымбаттатты және көп қазақстандықтар үшін қарапайым жүріп-тұратын көлікті сән-салтанат бұйымына айналдырып жіберді”.
Петицияны елемеу және "автоқоқыстың" көбеюі
Алибаевтың сөзінше, Шарлапаев министр болып тұрған кезінде 50 мың қол жинап, утильалымға қарсы халық жазған петицияның өтпеуі және оның қолданыста қалуы үшін бар күшін салған.
Автордың пікірінше, қазір Қазақстан жолдарында "нағыз автоқоқыс" жүруінің басты себептерінің бірі – утильалым және бұрынғы министрдің оны қорғаудағы ұстанымы. Көліктердің қымбаттығына байланысты адамдар автокөліктерін жаңарта алмай отыр.
Қоғам утильалымды ешқандай логикасы да, салмақты негізі де жоқ әділетсіз қаржы алымы ретінде қабылдайды. Ал бұл өз кезегінде қоғамның билікке деген сенімін арттырмайды.
Өз сөзін дәлелдеу үшін автор статистикалық деректерді келтірді:
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда ресми түрде тіркелген шамамен 7 миллион автокөлік бар. Олардың басым бөлігі, шамамен 88%-ы – жеңіл автокөліктер. Елдегі автопарк ұлғайып келеді, алайда оның едәуір бөлігі, шамамен 45%-ы пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан көліктерден тұрады. Ал 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 30%-дан аз. Мұндай көп "автоқоқыспен" Қазақстан өткен ғасырға кері кетіп отыр. Автокөліктердің 70%-дан астамы өз ресурсының негізгі бөлігін әлдеқашан пайдаланып қойған.
Экономистің айтуынша, автокөлік иелерінің мойнына түскен экономикалық ауыртпалықты айтпағанда, осы ескірген автопарк экологияға да, жол қозғалысының қауіпсіздігіне де кері әсер етіп отыр.
Сөз соңында Айдар Алибаев Қанат Шарлапаевқа "оған өмір қандай "бұралаң тағдыр" дайындап қойғанын түсіне ме деген сұрақ қойды.
“Ол кеше кеудесін кере қорғаған нәрсесін, бүгін өзі жоққа шығаруға мәжбүр болады. Кеше өзі қорғап шыққан дүниесіне қарсы аргументтер ойлап табуына тура келеді. Оның қолынан келе ме? Кешегі өзіне қарсы шыққысы келе ме? Мұнысы қаншалықты сәтті жүзеге аса қояды?”, – дейді ол.
Алибаевтың пікірінше, осы сұрақтарға берілетін жауаптар кешегі шенеуніктің бүгін бизнесті қорғайтын лауазымға қаншалықты сай келетінін көрсетеді. Бизнесті қорғауға тиіс қоғамдық ұйымның басшылығына сол кәсіпкерлерге өз әрекеттерімен кедергі келтірген бюрократ адамды тағайындау қате болмады ма екен? Жауаптар осы мәселені де айқындап береді.
"Қазақстанға келгеніне небәрі 4-ақ жыл": Бұрынғы министр Қанат Шарлапаев туралы не белгілі және ол "Атамекенде" бизнесті қорғай ала ма